Нұрлан Ноғаев жолды жауып тастаған көпбалалы аналармен кездесті
Жарияланған күні:
Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев жалға берілетін тұрғын үйді жекешелендіруді талап еткен бір топ әйелмен кездесті. Бұл туралы өңір әкімдігі ресми Instagram парақшасында хабарлады.
Нұрлан Ноғаев Ақтаудан жалдамалы тұрғын үй алған Жаңаөзен қаласының бір топ тұрғынымен, сондай-ақ Ақтау қаласындағы көпбалалы аналармен кездескен.
Әкімдікке келген әйелдер Жаңаөзен қаласынан Ақтау қаласына қоныстандыру бағдарламасы бойынша 2019-2022 жылдар аралығында жалға берілген пәтерлерін жекешелендіріп беруді талап еткен. Сонымен қатар, пәтерді жалға алу және коммуналдық қызметтер үшін төленетін төлем ақысын алып тастау туралы талаптарын айтқан.
Өз кезегінде облыс әкімі қолданыстағы заңнамаға сәйкес жалға берілетін тұрғын үй жекешелендіруге жатпайтынын айтып, түсіндірді.
"Ақтау қаласында жалға берген пәтерлердің жалға алу мерзіміне шектеу қойылмайды. Егер келісімшартта тіркелген адам қайтыс болған жағдайда, жалға алу келісімшарты қалған отбасы мүшелеріне ұзартылып беріледі.
Қолданыстағы "Тұрғын үй қатынастары туралы" Заңы бойынша, сіз тұратын пәтерлер коммуналдық тұрғын үй қорынан сатып алу құқығынсыз беріледі, жалға берілетін тұрғын үй жекешелендіруге жатпайды",- деді Нұрлан Ноғаев.
Әкімдіктің мәліметінше, тұрғын үйді жалдау ақысы тұрғын үйдің шаршысына байланысты 8-ден 12 мың теңгеге дейін өзгереді.
Сонымен бірге, кездесуге облыстық мәслихат депутаттары да қатысып, жиналғандарды комиссия жұмысын жалғастыруға шақырып, аналар көтерген мәселелерді қарау үшін парламентке хат жолдаған.
Кездесу қорытындысы бойынша комиссия жұмысын жалғастыру туралы шешім қабылданған.
Еске сала кетейік, бұған дейін Ақтауда көпбалалы аналар жалға берілетін тұрғын үйді жекешелендіруді талап етіп, Маңғыстау облысы әкімдігінің ғимаратына қарама-қарсы тас жолды жауып тастаған еді.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1955403-nurlan-nogaev-zoldy-zauyp-tastagan-kopbalaly-analarmen-kezdesti/