Бас прокуратура: Алматы әкімдігін басып алуға шетелдік азаматтар қатысқан
Жарияланған күні:
Еліміздің Бас прокуратурасы қаңтардағы жаппай тәртіпсіздіктерді тергеуге қатысты мәліметтерді бөлісті. Ұсталғандардың арасында екі шетел азаматы бар болып шықты. Бұл туралы ведомство ресми сайтында хабарлады.
Ведомствоның мәліметінше, тергеу барысында 2022 жылғы қаңтардың 4-інен 5-іне қараған түні Алматы әкімдігінің ғимаратын басып алуға белсенді қатысқан екі шетелдік азамат анықталған.
"Аталған адамдар ғимаратты қорғап жүрген Мамандандырылған күзет қызметінің қарусыз қызметкерлеріне қарсы қатыгездікпен күш қолданған. Олар полицейлерге дене жарақаттарын бұрын тартып алынған арнайы құралдармен (қалқандар, таяқшалар) салған", - делінген хабарламада.
Видеоматериалдардың арқасында күдіктілердің жеке-басы анықталған. Күдіктілер 1 ақпан күні сот санкциясымен қамауға алынды.
"Олардың қылмыстық әрекеттері Қылмыстық кодекстің 272-бабының 2-бөлігі (Жаппай тәртіпсіздіктерге қатысу), 380-бабы 3-бөлігінің 1,4-тармақтары (Билік өкіліне күш қолдану) бойынша сараланды", - деп хабарлады Бас прокуратурадан.
Одан бөлек, тергеу кезінде 6 қаңтарда күдіктілер "Көктөбе" телемұнарасын басып алуды жоспарлап, ол үшін бейбіт тұрғындарды көндірмек болып, азаматтардың өміріне қауіп төндіргені белгілі болған.
"1992 жылы туған азамат бас тартқан соң қылмыскерлер оған мылтықпен екі рет оқ атқан, нәтижесінде жәбірленуші қолынан және жыныс мүшелері тұсынан жарақат алған. Аталған қылмыстың ұйымдастырушысы ұсталды, ол бұрын сотталған 1983 жылы туған Алматы қаласы маңының тұрғыны болып шықты. Оның қылмысқа қатыстылығы куәгерлердің түсініктемелерімен дәлелденеді", - деді ведомстводан.
Сонымен бірге, күдіктінің 25 қаңтарда соттың санкциясымен қамауға алынғаны хабарланды.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1956183-bas-prokuratura-almaty-akimdigin-basyp-aluga-seteldik-azamattar-qatysqan/