Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Елімізде ауа райының қолайсыздығына байланысты бірнеше жол жабылды

Жарияланған күні:

Фото
Көрнекі фото: pixabay.com

Қазақстанда ауа райының нашарлауына байланысты бірнеше республикалық және облыстық маңызы бар тасжол жабылды, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

"Ауа райының нашарлауына байланысты (боран, көрінудің шектелуі) Нұр-Сұлтан қаласында, Ақмола, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Қарағанды, Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Алматы, Павлодар және Түркістан облыстарында республикалық маңызы бар автожолдардың 24 учаскесі мен облыстық маңызы бар автожолдардың 42 учаскесі жабылды", - делінген ТЖМ хабарламасында.

Нұр-Сұлтан қаласында, Ақмола, Қарағанды, Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Шығыс Қазақстан, Жамбыл облыстарында республикалық және аумақтық жедел штабтар құрылған.

Осы ретте, министрлік азаматтарға елдімекеннен шыққан кезде қауіпсіздік ережелерін сақтауға кеңес береді.

Мәселен, алыс жолға шықпас бұрын ауа райы болжамымен танысып, автокөліктің техникалық жай-күйінің дұрыстығына көз жеткізген абзал. Сондай-ақ, қысылтаяң жағдайларда көмектесетін барлық қажетті заттарды алып жүру қажет.

ТЖМ мәліметінше, өткен тәулікте елімізде қар құрсауынан 259 адам, оның ішінде 30 бала құтқарылып, 21 техника шығарылған.

Қазіргі уақытта жылыту пункттерінде 139 адам, оның ішінде 14 бала бар. Блок бекеттерде 664 бірлік техника, оның ішінде 346 жеңіл және 318 жүк көлігі тұр.

Ал кеше кешке еліміздегі блок бекеттерде 1 400 көлік тұрған болатын.

Айта кетсек, құтқару және автожолдарды қардан тазарту жұмыстарына ТЖМ, ІІМ, жергілікті атқарушы органдар мен жол қызметтерінен 232 адам және 134 техника жұмылдырылды.

Еске сала кетсек, құтқару қызметіне 112 бірыңғай нөмірі арқылы хабарласуға болады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1956190-elimizde-aua-raiynyn-qolaisyzdygyna-bailanysty-birnese-zol-zabyldy/