ҰҚК: Алматыда "Қазақстандықтар" ұйымдасқан қылмыстық тобының жолы кесілді
Жарияланған күні:
Алматы қаласы және Алматы облысында бұрынғы спортшылар мен бұрын сотталған адамдардан тұратын "Қазақстандықтар" ұйымдасқан қылмыстық тобының жолы кесілген. Бұл туралы ҰҚК ресми сайтында хабарлады.
Ведомствоның мәліметінше, ұйымдасқан қылмыстық топтың жолын кесу бойынша арнайы операцияны Ұлттық қауіпсіздік комитеті Ішкі істер министрлігімен бірлесіп жүргізген.
ҰҚК топтың ұсталған 6 мүшесінің Алматы аумағындағы көптеген қылмысқа (қорқытып алу, қарақшылық, озбырлық, бұзақылық, кәсіпкерлерге криминалдық қамқорлық, мал ұрлығы) қатысы бар екенін хабарлады.
Күдіктілерді ұстау және тұрғылықты жерлерін тінту барысында 4 атыс қаруы, 177 оқ-дәрі, 7 граната, арнайы құралдар, сондай-ақ, қаңтарда мародерлікке қатысқандарын растайтын заттар (радиостанциялар, "ПР" дубинкалары, броньды кеудеше) тәркіленген.
"Ұсталғандар ҚАЖД 8-ТИ және ҰҚК Алматы қаласы бойынша департаментінің тергеу изоляторларына қамалды. Қылмыстық кодекстің 287-бабының 3 және 4-бөліктері (Атыс қаруын, оқ-дәрiлердi, жарылғыш заттарды немесе жарылыс құрылғыларын заңсыз иемдену, беру, өткiзу, сақтау, тасымалдау немесе алып жүру) бойынша қылмыстық істер қозғалды", - дейді ҰҚК-нің баспасөз қызметі.
Сонымен қатар, ведомство тергеу-жедел іс-шаралары кешенінің нәтижесінде топ мүшелері ҰҚТ мүшелеріне тиесілі қаруы бар "көмбелерді" көрсеткенін мәлім етті.
Нәтижесінде Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданында екі "көмбе" анықталып, 44 атыс қаруы және 3 суық қару, сонымен қатар, 20 оқ-дәрі тәркіленген.
ҰҚК қазір, тәркіленген қару-жарақтарды сәйкестендіру, олардың қаңтар оқиғасында қолданылған-қолданылмағанын анықтау бойынша іс-шаралар жүргізіліп жатқанын, жедел-тергеу амалдары жалғасып жатқанын атап өтті.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1956258-uqk-almatyda-qazaqstandyqtar-uiymdasqan-qylmystyq-tobynyn-zoly-kesildi/