"Ашаршылық көрген әжеме арнадым": Алматы тұрғыны зейнеткерлерге тегін түскі ас таратып жүр
Жарияланған күні:
Зейнеткерлерді жеті жыл көлемінде тегін түскі аспен қамтамасыз етіп жүрген Расима Темербаева көпке үлгі. Алматы тұрғыны осы күнге дейін қарт адамдарға 220 мыңнан аса тегін түскі ас таратып үлгерген. KAZ.NUR.KZ тілшісіне сұхбат берген ерікті бұл жобасын бастауға ашаршылық кезінде жетім қалған нағашы әжесінің тәрбиесі себеп болғанын айтады.
Расима Темербаева зейнеткерлерге арналған ас мәзірін алдағы екі аптаға дайындап қояды.
Оның сөзінше, мәзірде қарапайым үйде пісірілетін тағамдар, сондай-ақ қант диабетімен немесе ас қорыту жолдары ауыратын қарт адамдар үшін де диеталық тағамдар бар.
Расима Темербаева жобаның мақсаты туралы айтқанда ең алдымен, бұл істі бастауға негіз болған басты идеясына тоқталды.
"Идеямыз - қарапайым. Бұл жобаны мен нағашы әжеме арнадым. Ол ашаршылықта жетім қалған кісі, сондықтан асты қастерлеуді, адамдарды құрметтеуді бойымызға сіңіріп өсірді. Кішкентай күнімде әжемнің өңеш рагынан қайтыс болғанын көріп, қарт адамдарды аш қалдырмаймын деп өзіме серт бергенмін. Сөйтіп бала кезімнен үлкендерге көмектесіп жүруді әдет қылдым. Дүкеннен нанын сатып әкеп жүрдім. Көпбалалы аналармен аралас-құралас болдым. Кейін оқуға түсіп, тегін асхана ашсам деген арман пайда болды.
20 жыл бойы әртүрлі сала бойынша білімімді жетілдірдім. 2015 жылы сәуірде мені жобаларды басқару бойынша тегін тренингке шақырды. Сол кезде алғаш рет басқаларға өзімнің арманымды айттым. Сөйтіп біз оны іске асырудың жоспарын құрдық. Маған Сергей Сек деген кісі қолдау білдіріп, менің дайын жоспарым бойынша жұмысты демде бастап кеттік. Негізгі мақсатым - тек тамақтандырып қана қоймай, мұқтаж адамдарға көмек қолын созудың осындай да жолы бар екенін жастарға көрсету", - дейді Расима.
Расиманың ұжымында өзімен қатар 14 адам жұмыс істейді. Олардың жалақысын халықты жұмыспен қамту орталығы төлейді, ал азық-түлік сатып алуға және ғимаратты жалдауға краудфандинг арқылы жиналған қаражат жұмсалады. Сонымен бірге, Расима кеңес беру арқылы тапқан қаражатынан да жобаға құятынын жеткізді.
"Бізге қарапайым халық көмектеседі. Атап айтарлық кәсіпкерлер жоқ. Алайда бізге тұрақты түрде ай сайын қаражат жағынан және азық-түлік жағынан қол ұшын беріп жүрген азаматтар бар", - дейді ерікті.
Тағы бір айта кетерлігі, аталған жоба жыл сайын түрлі марапаттарға ие болуымен ерекшеленеді. Мәселен, былтыр Алматы қаласының іскерлік кеңесі ұжымға қайырымдылықты дамытқаны үшін ел президенті атынан мақтау қағазын берген.
Расиманың сөзінше, мұқтаж жандар өте көп. Олардың барлығын бірдей тегін аспен қамту, өкінішке қарай, мүмкін емес.
"Әлеуметтік жобаны ел көлемінде дамыту жоспарымызда тұр. Бізде кезекте тұратындар қатарында бұрынғы дәрігер, мұғалім, ғылыми қызметкер сынды төмен мөлшерде зейнетақы алып жүрген азаматтар да бар. Президентіміз үндеулерінде бюджет қызметкерлерінің айлығын көтеру туралы мәселені көтерді. Бұл зейнетақының өсуіне де әсер ететінін анық", - дейді алматылық ерікті.
Расима Темербаева "тегін түскі ас" идеясының өміршеңдігін өзі сияқты кең жүректі, ісіне адал еріктілер қатарының көптігімен түсіндірді.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1956345-asarsylyq-korgen-azeme-arnadym-almaty-turgyny-zeinetkerlerge-tegin-tuski-as-taratyp-zur/