Нұр-Сұлтанда құрылыс краны құлап, бір адам қайтыс болды
Жарияланған күні:
Нұр-Сұлтан қаласындағы құрылысы алаңдарының бірінде кран құлап, бір адам қайтыс болды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Полиция департаменті ұсынған мәліметке сәйкес, қайғылы оқиға Тұран даңғылы бойындағы 89/А үйінің ауласында болған. Осы оқиға бойынша төтенше жағдайлар министрлігіне қарасты өндірістік қауіпсіздік комитетінің Нұр-Сұлтан қалалық департаменті тергеу шараларын бастап кетті.
"Тергеу шараларының нәтижесінде мұнаралы кранның құлау себептері және қайғылы жағдайдың мән-жайы анықталады. Тексеріс материалдары Нұр-Сұлтан қалалық полиция департаментіне жіберіледі. Соның негізінде процессуалдық шешім қабылданады", - дейді департамент мамандары.
Бұдан бөлек, өндірістік қауіпсіздік комитетінің қалалық департаменті және тағы басқа мемлекеттік органдардың мамандары кіретін арнайы комиссия құрылады. Олар барлық мұнаралы кранды тексеріп шығады және техникалық талаптарға сай келмейтін қондырғыларды анықтайды.
Ал полиция департаменті Қылмыстық кодекстің 277-бабы (Құрылыс жұмыстарын жүргiзу кезiнде қауiпсiздiк қағидаларын бұзу) бойынша сотқа дейінгі тергеу шараларын бастады. Қажетті сараптамалар тағайындалды.
Айта кетері, осы бап бойынша 2 000 АЕК-ке (6 126 000 теңге) дейiнгi айыппұл не сол мөлшерде түзеу жұмыстары немесе 600 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тарту, я болмаса, екi жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге не сол мерзiмге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Жауапты адамдар лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан үш жылға дейiнгi мерзiмге айырылады.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1956914-nur-sultanda-qurylys-krany-qulap-bir-adam-qaitys-boldy/