Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Абзал Құспан қаңтар трагедиясы жөнінде Еуропа журналистерінің сұрақтарына жауап берді

Опубликовано:

Абзал Құспан
Видеодан кадр: Абзал Құспанның Instagram парақшасынан

Қазақстандық белгілі адвокат Абзал Құспан еуропалық БАҚ өкілдеріне қаңтар оқиғасы жөнінде сұхбат берді, деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Шетелдік журналистермен болған брифингте құқық қорғаушы "Аманат" қоғамдық комиссиясының атқарған жұмысы туралы тарқатып айтып берді.

Абзал Құспанның сөзінше, 24 қаңтардан бері комиссия Алматыда қамауда отырған 91 адамды бостандыққа шығарып, бұлтартпау шарасын өзгертуге ат салысқан.

Ал республика бойынша "Аманат" комиссиясы жұмысқа кіріскенде 800-дей азамат қамауда отырған. Бүгінгі таңда комиссияның араласуымен оның 200-ге жуығы босатылған.

Бұдан бөлек, шетелдік БАҚ өкілі Абзал Құспаннан ұсталғандардың кімдер екенін, олардың қандай жағдайда қамауға алынғаны жөнінде сұрады.

"Біздің негізгі мақсатты тобымыз қылмыстық кодекстің 272-бабы бойынша ұсталғандар, яғни ол үш бөлімнен тұрады - ұйымдастырушылар, қатысушылар және арандатушыларға арналған, біз негізінен қатысушыларға байланысты жұмыс жасап жатырмыз. Өйткені біздің пікірімізше, көп азаматтар митингке қатысып көрмеген, олар арандап қалған болуы мүмкін. Осы топпен жұмыс жасаудамыз. Олардың көпшілігі қарапайым адамдар. 272-баптың 2 бөліміне басымдық бердік. Одан бөлек кәмелетке толмаған балаларды тағылған айыбына қарамастан шығарып жатырмыз", - деді Абзал Құспан брифингте.

Адвокат ұсталғандар арасында, оның ішінде өздері бетпе-бет кездескен адамдардың арасында шетел азаматтары өте аз болғанын айтады.

"Шетел азаматтары аз болды. Негізінен қазақ азаматтары. Жақын шетел азаматтарын көрдік, олар өз елдеріне қайтарылды. Шетелдіктердің проценттік мөлшерлемесі 1 пайызға да жетпейді. Біз кездескен адамдарды меңзеп отырмын. Ал терроризм бабы бойынша күдіктілердің істері құпия түрде тергеледі. Сондықтан бұл сандар басқаша болуы мүмкін", - деді адвокат.

Еуропалық БАҚ журналистерін сондай-ақ, ұсталғандардың әділ сотқа, әділ қорғалуына кепілдік жөніндегі мәселе алаңдатқан.

"Ресми түрде, әрине, мұндай кепілдік берілген жоқ. Бірақ мен бастамамен Ақордаға барған кезде сенімділік болды. Орталық билік, үкімет жергілікті жерде халыққа қандай да бір қысым жасауға мүдделі емес", - деді адвокат.

Сонымен қатар, Абзал Құспан комиссия жұмысы барысында босап шыққан 200 азаматтың 80-і құқық қорғау органдарында азаптауға ұшырағанын мәлімдегенін жеткізді.

"Біз олардың әрқайсысының арызын тиісті уәкілетті органға тіркету арқылы қылмыстық іс қозғаттық. Қазіргі таңда, 9 ақпан күнгі ақпарат бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінде полиция қызметкерлерінің үстінен 150 қылмыстық іс қозғалғанын жеткізгім келеді", - деді құқық қорғаушы.

Абзал Құспан қаңтар оқиғасына байланысты тергеу мерзімі кем дегенде екі айға созылатынын айтады. Оның сөзінше, алғашқы сот процестері бір жарым айдан кейін басталады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1957309-abzal-quspan-qantar-oqigasy-zoninde-europa-zurnalisterinin-suraqtaryna-zauap-berdi/

pixel