Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

ҚМДБ мұсылмандарға биткоин криптовалютасын қолдануға тыйым салынғанын мәлімдеді

Жарияланған күні:

Биткоин
Көрнекі фото: pixabay.com

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы мұсылман дінін ұстанатын қазақстандықтарға биткоин криптовалютасын қолдануға бола ма деген сауалға жауап берді, деп хабарлайды muftyat.kz.

ҚМДБ-ның мәліметінше, Ғұламалар кеңесінің шешімі бойынша биткоин криптовалютасын қолдануға тыйым салынған. Басқарма бұған келесідей дәлелдер келтірді:

"Біріншіден, шариғат бойынша қандай да бір ақша негізге алынуы үшін мемлекет тарапынан шығарылуы керек және оның кепілдігі мен қорғауында болуы шарт.

Биткоин ешбір ұлттық валютаның сипатына келмейді. Өйткені ол мемлекеттік органдардың кепілдігімен әрі қаржылық заңдармен қорғалмаған, нақты активі жоқ, орталықтандырылмаған виртуалды ақша. Кез келген сәтте оның нарығы күрт өсіп немесе түсіп, одан адамдар зиян шегуі мүмкін.

Екіншіден, биткоинның процесстері көбіне жасырын жүзеге асады. Бұл өз кезегінде шариғат тыйым салған алдауға, алаяқтыққа соқтырады. 

Алла Тағала Құранда былай дейді: "Уа, иман келтіргендер! Бір-біріңнің мал-дүниелеріңді арам жолмен жемеңдер. Ал өзара келісіп, ризашылықпен жасаған сауда-саттықтың жөні бөлек" ("Ниса" сүресі, 29-аят).

Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) белгісіздік саудасына (ғарарға) тыйым салған (Муслим риуаят еткен).

Үшіншіден, биткоин валюта немесе тауар ретінде жауапты тараптардың бақылауынан тыс қалады. Бұл елдің ішкі экономикасына кері әсер етіп, қоғамның тұрақсыздануына жол ашуы мүмкін. 

Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): "Өзіне де, өзгеге де зиян тигізуге болмайды", – деген (Ахмад риуаят еткен).

Мысыр елінің пәтуа комитеті, Еуразия мұсылмандарының пәтуа шығару кеңесі сияқты ірі ұйымдар да биткоин криптовалютасын пайдалануға тыйым салған", - дейді Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1957543-qmdb-musylmandarga-bitkoin-kriptovalyutasyn-qoldanuga-tyiym-salynganyn-malimdedi/