Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Харьковта оқитын қазақ студенті бомбадан қашқан жергілікті халыққа қалай көмектескен

Опубликовано:

Нұрсұлтан
Фото: Instagram/Нұрбек Амиша

Харьков авиациялық институтының 4-курсында оқитын қазақ студенті Украинада бомбадан қашып, бас сауғалаған жергілікті халыққа көмектесіп, азаматтық танытқан, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Украинада болып жатқан жағдайға байланысты елден шекараға қарай ағылған азаматтардың қарасы көбейген. Сол елде 4 жылдан бері оқып жүрген павлодарлық Нұрсұлтан есімді студент Харьковтың халқына қолдан келген көмегін аямағанын айтады. Журналист Нұрбек Амишамен болған сұхбатында ол бейбіт тұрғындарға нақты қалай көмектескенін баяндады.

Институт жатақханасында тұратын қазақ студенті үшін де Украинадағы атыс-шабыс күтпеген жағдай болған.

"Таңғы бесте басталды. Студенттер жатақхананың астыңғы қабатында жиналдық. Институттың басты оқу корпусында бомбадан қорғанатын жер бар, бәріміз соған бардық. Жатақханадан барлығын шығардық. Уақытша паналайтын жертөлелерге матрастар тасыдық. Тұрғындарға дүкеннен су, азық-түлік сатып алып бердік", - дейді Нұрсұлтан.

Оның сөзінше, Харьковта алғашқы күндері дүкендерде нанға сұраныс жоғары болып, сөрелерде тез таусылып қала берген. Ал үшінші күні қала тұрғындарын Украинаның Тарковец елдімекеніне, одан әрі Польша шекарасына эвакуациялау басталған.

"Вокзалдарда адам толы болды. Марокко, Нигерия, Қытайдан келіп оқып жатқан студенттердің бәрі қайтты. Күніне 3-4 пойыз кетіп отырды. Біз үшінші күні пойызға отырып, қаладан шығып кеттік. Мен жолсерікке пойызға бірінші балалы әйелдер мен қарт кісілерді отырғызуын сұрадым. Өйткені пойызға мінгісі келген студенттер көп болды. Тіпті вагонға отырғызу басталғанда оның есіктері ашылмай қалды. Ал мен жол жүретін күні жолаушылар қатарында араб елдерінің студенттері көп болды. Олар әйел адамдарға, қарттарға орын беріп жатты", - дейді ол.

Львов қаласына жеткенде Нұрсұлтанды мүлде бейтаныс украин азаматы өз үйіне паналатқан. Оның айтуынша, Харьковтан қарағанда Львовта жағдай біршама тұрақты.

Нұрсұлтанның жанында сол елде оқитын туған інісі және бомбадан қорғанатын жерден кезіктірген, қалада ешкімі жоқ украин қызы да бар. Айтуынша, 20 жастағы украиндық студент қыздың әкесі қолына қару алып, ұрыс алаңына кеткен.

Қасымда туған інім және бір украин кызы бар. Оны Верховое деген ауылға дейін өзім жеткізіп саламын. Әрі қарай оған Польша жаққа шығып кету жеңілірек. Бұл қарындасымды бомбадан қорғанатын жерден өзім алып кеттім. Әкесін танимын. Ол кісі қызын маған аманаттап, туыстарына жеткізіп салуымды өтінді" , - дейді Нұрсұлтан.

Қазақ студенті өзінің волонтерлік әрекетінің себебін ер адам ретінде өзіне борыш санайтынымен түсіндіреді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1958875-xarkovta-oqityn-qazaq-studenti-bombadan-qasqan-zergilikti-xalyqqa-qalai-komektesken/

pixel