Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Қазақтың тұңғыш ғарышкері Тоқтар Әубәкіров жайлы ел білмейтін деректер

Жарияланған күні:

Токтар Аубакиров
Тоқтар Әубәкіров: YouTube/Кітапхана Степногорск қ.

1961 жылғы 12-ші сәуірде адамзат баласы үшін айтулы оқиға орын алды. Әлем тарихында алғаш рет Байқоңырдан ғарыш кемесі ғарышқа аттанды. Бұл сапардан соң, жер жаһанның түкпір-түкпірінің 500-ден астам ғарышкері ғарышқа сапар жасап, бүгінге дейін түрлі ғылыми зерттеулер жасап үлгерді. Ғарыш кеңістігін бағындырған батырлардың арасында – қазақтан шыққан тұңғыш ғарышкер Тоқтар Әубәкіров те бар. Бүгін біз осы тарихи тұлғаның өмірінен ел білмейтін қызықты деректерді ia-centr.ru сайтына сілтеме жасап ұсынуды жөн көрдік.

Халық қаһарманына Тоқтар есімі неге берілген?

Тоқтар Оңғарбайұлы Әубәкіров Қарағанды облысы Қарқаралы ауданының 1-ші май ауылында 1946 жылдың 27 шілдесінде дүниеге келген. Тұңғыш ғарышкер отбасында екі әпкесінен кейін үшінші болып дүниеге келген. Ата-анасы екі қыздан соң өмірге ұл бала келген соң, оған Тоқтар деген есім берген.

Сол кездегі көптеген қазақ балалары сияқты Тоқтар Әубәкіров та орта мектептің 8 сыныбын бітіріп, Теміртау құйма-механикалық зауытында токарь болып еңбек ете бастайды. Мұнымен бірге жастайынан алғыр бала кешкі мектепте оқып жүреді.

Білім ордасын сәтті аяқтаған соң, ол 1965 ұшқыштардың Армавир жоғары әскери авиациясы училищесіне оқуға түседі. Ал он жылдан кейін, яғни 1979 жылы Серго Орджоникидзе атындағы Мәскеу авиациялық институтының Жуковский филиалын "инженер-аэрогидромеханик" мамандығы бойынша бітіріп шығады. Халық қаһарманы реактивті ұшақтың 50-ден аса жаңа түрін сынақтан өткізген.

Ғарышкер орбитада 7 күн 22 сағат 12 минут болған

1991 жылдың сәуір айында ғарышкер Кеңес Одағы Ғарышкерлер даярлау орталығында ғарышқа ұшу дайындығына кірісіп, сол жылы 2 қазанда Байқоңырдан "Союз ТМ-13" кемесімен ғарышқа ұшқан. Тоқтар Әубәкіров онда Арал аймағы бойынша ғылыми-зерттеу жұмыстарын жасап, биотехнология, металлургия, медицина салаларына қатысты зерттеу жүргізді. Ғарышкер орбитада 7 күн 22 сағат 12 минут болып, 10 қазанда Жерге оралды.

Тоқтар Әубәкіров
Фото: YouTube/Руспех биограф

Тұңғыш ғарышкер орбитаға Қорқыт ата мазарынан бір уыс топырақ әкеткен

1988 жылы Тоқтар Әубәкіров КСРО-дағы алғашқы "Тбилиси" әскери крейсерінен МиГ-29К жойғыш ұшағын ұшырып, қондырғаны үшін Кеңес Одағының Батыры атағына ие болды. Ал 1995 жылы Тоқтар Әубәкіровке ең жоғары мемлекеттік награда – "Қазақстанның халық қаһарманы" атағы берілді. Қазақтан шыққан тұңғыш ғарышкер орбитаға отбасының суреті мен Қорқыт ата пантеонынан бір уыс топырақ әкеткен. "Мир" станциясынан Тоқтар Әубәкіров Құран аяттары жазылған үш тұмар алып келген.

Тоқтар Әубәкіров жан-жарымен қалай танысқан?

Ғарышкер болашақ жан жарымен 1975 жылы танысқан. Ол кезде жұбайы Мәскеу облысындағы сынақ орталығында бағдарламалық жасақтама инженері болып жұмыс істеген. Ерлі-зайыптылар Тимур және Михаил есімді екі баланы тәрбиелеп өсірді. Тоқтар Әубәкіров жары, балаларының анасы Татьяна Малышеваға әрдайым құрметі жоғары екенін өз сұхбаттарында айтып отырады. "Жұбайым екеуміз отбасылық өмірде үнемі бір-бірімізге қолдау көрсетіп отырамыз және біздің арамызда ешқашан ұлтымыз әр түрлі болғандықтан түсініспеушілік орын алған емес", - дейді Тоқтар Әубәкіров.

Тоқтар Әубәкіров
Фото: YouTube/Juliya Sinchuk

Қазақтың тұңғыш ғарышкері ғарышқа кімдермен бірге аттанған?

Тоқтар Әубәкіров КСРО-ның 72-ші ғарышкері болды. Ол ғарышқа бұған дейін "Мир" станциясында жеті айдан астам уақыт аялдаған, кеңестік ғарышкер Александр Волков және алғашқы Австриядан шыққан тұңғыш ғарышкер Франц Артур Фибекпен бірге аттанды.

Әскери әуе күштерінің генерал-майоры Кеңес Одағы мен тәуелсіз Қазақстан Республикасынан бөлек шетелдік марапаттар да бар. 1993 жылы ол "Австрия Республикасына сіңірген еңбегі үшін" 1-ші дәрежелі австриялық рыцарлық крест марапатына ие болды.

Тоқтар Әубәкіров 1961 жылы 12 сәуірде Юрий Гагарин алғаш рет ғарышқа алғаш ұшқан сәтте, жетінші сыныпта оқыған. Атақты Юрий Гагарин мен қазақ батыры Тоқтар Әубәкіров әскери училищені бітірген түлектер ретінде кездесуі керек еді. Алайда 1968 жылы Юрий Алексеевич Гагарин қайғылы жағдайда қаза тауып, Тоқтар Әубәкіров онымен кездесіп үлгермейді.

Тоқтар Әубәкіров елдің саяси өміріне де белсене араласқан

Қазақ ғарышкері ғарышқа тағы бір мәрте ұшуға дайын болған еді. Десе де ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Н. Назарбаев оны бұл ойдан айнытып, ғарышқа ұшпауға кеңес берген. Тұңғыш Президент бұл шешімін Тоқтар Әубәкіров сынды ұлы тұлғаны ел ертеңі үшін сақтай білу қажет деп түсіндірген.

Тоқтар Әубәкіров
Фото: YouTube/Руспех биограф

Тоқтар Әубәкіров елдің саяси өміріне де белсене аралысты. Ол 1992-1993 жылы Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің 1-ші орынбасары қызметін атқарса, 1993-1994 жылы Қазақстан Республикасы Ұлттық аэроғарыштық агенттігінің бас директоры – Ғылым және жаңа технология министрінің орынбасары лауазымында еңбек етті.

Сондай-ақ 2001 жылы Қызылорда сайлау округі бойынша Қазақстан Республикасы Парламентінің мәжілісіне депутат болып сайланды. Тоқтар Әубәкіров – Қызылорда қаласының құрметті азаматы.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1962925-1204-qazaqtyn-tungys-garyskeri-toqtar-aubakirov-zaily-el-bilmeitin-derekter/