Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Қазақстанда әлеуметтік желі бұғатталуы мүмкін бе: Заңға өзгеріс енгізуді ұсынған депутат пікір білдірді

Жарияланған күні:

Айдос Сарым
Видеодан кадр: Youtube/Бибігүл Жексенбай

Мәжіліс депутаты Айдос Сарым қоғамда қызу талқыға түскен әлеуметтік желіні бұғаттау қаупі турасында журналист Бибігүл Жексенбайдың сұрақтарына жауап берді, деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Депутат бұл мәселе бойынша бірнеше рет сұхбат бергенін алға тартады. Ол өзін желіде "ғаламтордың бас бұғаттаушысы" деп атағандар туралы пікір білдірді.

"Мені бас бұғаттаушы немесе интернет желісінің жауы дейтін сөздерге аса назар аударғым келіп отырған жоқ. Біз заңды ұсынғаннан бері бәлкім ондаған сұхбат берген шығармыз. Заңда көптеген мәселе қамтылған, оның ішінде қазір өкінішке қарай, талқыланып жатқаны тек - кибербуллинг, әлеуметтік желіге қатысты ғана тобы талқыланып жатыр. Бұл шынын айту керек, журналист қауымының таяздығын көрсетеді.

Балалардың тағдыры, әлеуметтік қызметтер, мектеп мәселесі - ұлт үшін маңызды тақырыптар. Алайда олардың біреуі де қаралған жоқ, айтылған жоқ. Есесіне екінің бірі айтып жүргені - үкіметке мүмкіндік беру, әлеуметтік желіде қарым-қатынас жүргізудің дұрыс жолдарын ұсыну бағытындағы мәселе ғана талқыланып жатыр. Бұл - хайп тақырып", - дейді Айдос Сарым.

Депутаттың айтуынша, қазақстандықтар үшін әлеуметтік желілерді бұғаттау қаупі жоқ.

"Парламент те, Үкімет те түсініп отыр - әлеуметтік желі үлкен бір құрал, жақсы мүмкіндік. Біраз адам соның арқасында нәпақа тауып отыр. Біраз адам сол арқылы өзін танымал қылып жатыр. Біраз адам үшін ермек, бизнес. Бір ғана Instagram-ның өзінде 8 миллион адам отыр. Елде үлкен реформа болып жатқанда, өзгерістердің алдында тұрғанда ешбір есі дұрыс саясаткер оларды бұғаттауға бармайды. Оған жол бермейді", - деді ол сұхбатта.

Айдос Сарым үкімет әлеуметтік желіні бұл заңсыз-ақ "Байланыс туралы" заңның 41-бабына сай бұғаттап тастауға толық мүмкіндігі бар екенін атап өтті.

Оның айтуынша, Қазақстан үкіметі ешқандай контентті жека дара алып тастауға мүмкіндігі жоқ.

"Ол компаниялардың иелігінде. Қазақстан тарапынан сот немесе өкілетті орган олардың заңы мен талаптарына қарама-қайшы контент барын ескертсе, оны тексеріп, заңсыз деп алуға мүмкіндік береді. Мен бұдан ешқандай қиянат көріп отырған жоқпын. Соңғы болып отырған оқиғалар дәстүрлі медианың маңызын арттыратын сияқты. Facebook, Instagram-ның дәуірі өтеді. Заң шығарушы ретінде біз көштен қалып жатырмыз. Біз айтып отырған дүниелерді осыдан бес - он жыл бұрын шығару керек еді", - деген пікірде Мәжіліс депутаты.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1963352-qazaqstanda-aleumettik-zeli-bugattaluy-mumkin-be-zanga-ozgeris-engizudi-usyngan-deputat-pikir-bildirdi/