"Ораза ұстай алмаса, мешітке күніне 3000 теңге төлеу": Желіде тараған видеоға қатысты мүфтият пікір білдірді
Жарияланған күні:
Желіде тараздық келіншек жергілікті мешітте имамдардан оразаға қатысты жаңа ереже естігенін сөз етті. Әйелдің сөзінше, дін маманы ораза ұстауға мүмкіндігі жоқ жандар үшін күніне мешітке 3000 теңге төлеп тұруға болатынын айтқан, деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі.
"Мешітке жұма намазға кіріп едік. Сонда "Егер ораза ұстауға мүмкіндігіңіз жоқ болса, күніне 3 мың теңге төлеп отырыңыз" дейді. Сіздер осындай заңды естідіңіздер ме? Бұл қайдан шыққан заң? Ата-бабамыздан ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан пітір садақаны естуіміз бар. Естімедім деген адам болмайтын шығар… Ал енді мен осы уақытқа дейін не бір әке-шешемнен, не бір 100-ге келген, 100-ден асқан ата-әжелерімізден "Ораза ұстамасаң, күніне 3 мың теңге төлеп отыр" дегенді естімеппін", – дейді видео авторы.
Бұл ақпаратқа қатысты діни басқарма жанындағы республикалық ақпараттық түсіндірме тобының мүшесі, белгілі теолог Хасан Аманқұлов пікір білдірді.
"Имамдар дұрыс түсіндірмеген болуы керек немесе мына қызымыз дұрыс түсінбеген. Мұнда підия туралы айтылып отыр. Оның үкімін дұрыс түсіну керек", - дейді мүфтият өкілі.
Підия ислам дінінде бұйырылған белгілі бір құлшылықтың орнына төлем жасауды білдіреді.
"Алла тағала қасиетті құранда: "Парыз ораза санаулы әрі белгілі күндерде ғана өтеледі. Араларыңнан әлдекім ауырып қалып немесе сапарда жүріп ораза ұстамаса, (қаза болған күндерін) басқа уақытта ұстасын. Ораза ұстауға шамасы әзер жететіндер (яғни, қарттар және созылмалы дертке шалдыққан науқастар қаза болған әр күнге) підия ретінде бір жарлының (бір күндік екі мезгіл) тамағын (немесе соның құнын ақшалай) беруі керек" – деп бұйырған.
Жылдың басқа мезгілінде ораза ұстауға шамасы келмейтін қария кісіге және өмір бойы ауыратын созылмалы дерті бар адамға ораза ұстамауға рұқсат етіледі. Мұндай топтағы адамдар оның орнына підия садақасын береді", - дейді Хасан Аманқұлов.
Айта кетейік, підия садақасы – бір адамның күнделікті (таңғы және кешкі) тойып ішетін асы.
Діни басқарма өкілінің сөзінше, оның ең аз мөлшері биыл 3000 теңге деп белгіленген. Өйткені барлық облыстардан алған мәліметтер бойынша, бір адамның бір мезгіл тойып ішетін ас-суының орташа құны шамамен 1500 теңгеге тура келген.
Бұл садақаны халықтың кедей топтарына, тұрмыстық жағдайы төмен көп балалы отбасына, хәлі нашар мүгедек жандарға үлестірген абзал. Бекітілген підияны (3000 теңгені) беруге шамасы келмесе, оразаның әр күніне пітір садақа мөлшерінде (500 теңге) підия берсе де болады. Оған да жағдайы келмесе – беру міндет емес. Шамасы келмеген кісі Алла Тағаладан кешірім тілеп, тәубе етеді.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1963511-oraza-ustamasan-mesitke-kunine-3000-tenge-tolep-otyr-zelidegi-videoga-qatysty-muftiyat-pikir-bildirdi/