Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Балаларды ұрған": Нұр-Cұлтандағы инклюзив балабақшадағы жағдай жұртты шошытты

Жарияланған күні:

Балабақшада сурет салып отырған балалар
Көрнекі фото: pixabay.com

Елордалық балабақшада болған жағдайдың видеосы қазақстандықтардың наразылығын тудырды. Кадрлардан мекеме қызметкерлерінің балаларды қалай ұрғанын көруге болады. Бұл жайтқа қатысты қазір қылмыстық іс қозғалған, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ порталы КТК телеарнасына сілтеме жасап.

Желіде тараған видео кадрынан жекеменшік балабақша қызметкерлерінің балаларды қалай ұрып-соққанын көруге болады.

Телеарнаның мәліметінше, адам шошырлық кадрлар тараған балабақша инклюзивті болып табылады - мұнда аутизм дертімен ауыратын балалар, дамуы немесе сөйлеуі кешуілдеген балалар тәрбиеленеді.

Ал видеоны көріп жағасын ұстаған ата-аналардың кейбірі құжаттарды алып, балаларын басқа мекемеге ауыстыру туралы шешім қабылдаған.

"Балабақша туралы пікір өте жақсы еді. Кеше көргенде өзіміз таң қалдық. Біз баламызды мұнда қалдырмаймыз. Осыған дейін мұндағы қызметкерлер өте сыпайы боп көрінетін", - дейді ата-ананың бірі. 

Тағы бір ер адам полицияға арыз жазғанын жасырмады. Ол бұған дейін ұлының денесі көгеріп келгенде мән бермедім, деп отыр.

"Біз баламызды бұл балабақшадан алып кетуге келдік. Аудиожазбада біздің баламыздың аты аталып, ұрып жатқаны видеода бар. Тәрбиешінің есімі де бар. Өйткені қолымызда балабақша психологының жіберген аудиосы мен видеосы бар. Олар біле тұра, ешқандай шара қолданбаған", - дейді ер адам.

Қазір аталған факті бойынша Байқоңыр ауданының полиция басқармасы Қылмыстық кодекстің 140-бабы бойынша ("Кәмелетке толмаған баланы тәрбиелеу жөніндегі міндеттерді орындамау") сотқа дейінгі тергеуді бастаған.

"Қазіргі уақытта тиісті тергеу амалдары жүргізілуде", - дейді елорданың полиция департаменті баспасөз қызметінен.

Бұл жайтқа қатысты білім және ғылым министрлігі де пікір білдірді.

"Біріншіден, бұл жеке балабақша. Балабақшаға мемлекеттік тапсырыс орналастырылмаған. Сонымен қатар балабақшаның әкімішілігі өздерінің жұмыс жасау барысынан хабарлама берілмеген. Яғни, жалпы біздің тізімде де орналаспаған болып тұр.

Қазір ол балабақшада 12-ден астам қызметкер жұмыс істейді екен. 60-тан астам бала бар. Бұл балабақша 2021 жылдың ақпан айынан бастап жұмыс істеген", - дейді министрліктің білім және ғылым саласында сапаны қамту комитеті төрағасының орынбасары Майра Мелдебекова.

Дереккөз: КТК телеарнасы

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1963888-balalardy-urgan-nur-cultandagy-inklyuziv-balabaqsadagy-zagdai-zurtty-sosytty/