Америкадағы оқуын жалғастыра алмай жүрген шымкенттік жігіт заң орындарынан әділдік іздейді
Жарияланған күні:
Шымкент тұрғыны Аян Мамыров мемлекеттік грантпен Америкадағы оқуын жалғастыра алмай отыр. Айтуынша, оны былтыр қаладағы базар жанында он шақты ер адам жабылып ұрған. Содан бері заң органдарынан әділдік таппай жүргенін айтқан шымкенттік жігіт жанайқайын жеткізді, деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі.
Аян Мамыровтың сөзінше, былтыр өзін жабылып ұрған үш адамның кінәсі дәлелденіп, сотталғанымен, қалғаны өзіне қарсы полицияға шағымданған. Шымкент тұрғыны қазір жәбірленушіден айыпталушыға айналып шыға келгеніне таңғалып отыр.
Оның сөзінше, Абай аудандық полиция бөлімшесінде бір оқиға бойынша екі түрлі нұсқа тергеп-тексерілген. Аян Мамыров оқиғаның қалай өрбігенін айтып берді.
"Бұл оқиға былтыр 7 мамырда Шымкенттегі Алаш базарының жанында болды. Қарындасым көлігін жолдың бойына қойған. Оған сол жерде көлікті тұраққа қою үшін тиын-тебен сұрайтындар "көлігіңді алып таста, алмасаң терезесін шағамын, дөңгелегін жарамын" деп, қоқан-лоққы жасаған. Қарындасымды қорқытқаны үшін мен оған барып, ол жердің қоғамдық орын екенін, қызға дауыс көтермеуін өтіндім. Оларға менің сөзім ұнамады. Сөйтіп ер адам өзінің таныстарын шақырды. Он шақты адам маған жабыла кетті.
Біреуі жұдырықтай бастады, басымды бұғып жатқанымды көріп, артынан тағы бір топ адам келді. Жанымда інім де болатын. Сол оқиғадан соң мұрным сынды. Інімнің жағын сындырған. Бұл бойынша сот-медициналық сараптама тағайындалып, ол дәлелденген. Ауруханада жатқан кезімізде бір топ адам келіп, бізден шағымды қайтарып алуымызды талап етті. Әйтпегенде, олар бізге қарсы шағым түсіріп, қылмыстық іс аштыратынын ескертіп кетті. Біз оған мән бермедік", - дейді Аян Мамыров.
Оқиға орнынан видео да бар. Оны Аянның қарындасы түсіріп үлгерген.
"Бірақ толық түсірмепті. Өйткені қолынан телефонын жұлып алған. Видеодағы кішкентай үзіндіден үш адамның нақты ұрғаны, тепкені түсіп қалған. Бізге жабылған он шақты адамның тек үшеуіне нақты қылмыстық іс қозғаттық. Сөйтіп қалғаны бізге қарсы шағым жазған. Арызды олар мен жазған күннің ертесінде, 8 мамырда түсірген", - дейді шымкенттік заңгер.
Айтуынша, тергеушілер келіп түскен қарама-қарсы арыз бойынша еш әрекет жасамаған, тек 7 желтоқсанда, 7 ай өткен соң қимылдаған.
"7 желтоқсан күні аяқ асты өзім жәбірленуші болып сотқа қатысып жүріп, айыпталушы екенімді білдім. Оқиға бір жерде болып, арыз бір полиция бөліміне түскендіктен, екі тергеуші бір іспен айналысқан. Бірі бізді айыптаса, екінші тергеуші менің арызым бойынша істі сотқа дайындап жүрген", - дейді Аян Мамыров.
Заңгердің сөзінше, ол аудандық полиция бөліміне жиі барып жүрсе де, үстінен жазылған арыз бойынша жұмыс істеп жүрген тергеуші оларды "қашып жүр, бөлімшеге келмеді" деп кінә артқан.
"Бөлімшеге беттестіруге барып жүрсек, көрші кабинеттегі тергеуші бізді "бөлімшеге келмеді, қашып жүр" деп мені айыптап, қамап та қойды. Алайда мен өзімнің заңгер екенімді, інімнің адвокат екенін, шетелге оқуға түскенімді, қашып жүрмегенімді дәлелдеп шықтым", - дейді ер адам.
Айтуынша, оған қарсы арыз жазғандар өзінен мәжбүрлі түрде кешірім алу мақсатында осындай қадамға барып отыр.
Аян Мамыров айыпталушы ретінде саналатын қылмыстық іс тағы да сол Абай аудандық сотында былтыр өзінің шағымы бойынша үкім шығарған судьяның алдында жатқанын айтады.
Шымкент тұрғыны алдыңғы үкімге толықтай қарама-қарсы айыптау актісін құзырлы орган тексермегеніне налиды.
"Бір күні бір жерде болған нәрсені біресе мынау кінәлі, біресе анау кінәлі деп жасай салған. Соның бәрін сотқа жіберген. Қазір іс сотта. Осы жерде тағы бір шикілік - біздің шағымымызды қараған судья қайтадан осы іс бойынша бізге қарсы тараптың шағымын қабылдап алған. Шымкент сотының төрағасына шағымданған соң, кеше ғана істі басқа біреуге берді. Дәлелді құжатым бар. Судья істі қабылдаған кезде жанама болсын өзінің қызығушылығы бар-жоғына тексеруі керек. Ал ол екі ай бойы біздің істі қарап, біз жоғарыға шағымданған соң ғана істі басқа бір судьяға берді", - дейді ол.
Шымкент қалалық полиция департаменті Аян мен інісінің ісі қалай тергеп-тексерілгені жөнінде портал тілшісіне жауап берді.
Департамент баспасөз қызметінің мәліметінше, 2021 жылдың 7 мамырында “Алаш” базарының маңында орын алған жайт бойынша Абай ауданының Полиция басқармасына екі тарап бірдей бірі-біріне қатысты себепсіз ұрып-соғу мен дене жарақаттарын алғандары туралы арызданған.
"Екі тараптың да арыздары бойынша Абай ауданының Полиция басқармасының тергеушілері жан-жақты тергеп-тексеру жұмысын атқарды. Нәтижесінде ағайынды Мамыровтардың арызы бойынша Қылмыстық кодекстің 293 және 107 баптарымен тергелген қылмыстық іс 2021 жылы 31 тамызда айыптау актісімен сотқа жолданған. Ал екінші тараптың арызы бойынша Мамыровтарға қатысты Қылмыстық кодекстің 293 және 107 баптарымен тіркелген қылмыстық іс 2021 жылдың 25 желтоқсанында сотқа жолданды", - дейді Шымкент қалалық ПД.
Мамыровтардың ісі бойынша Шымкент қалалық сотының баспасөз қызметі де портал тілшісіне түсініктеме берді.
"Прокурор істі сотқа жіберген соң, сот 5 күннен кешіктірмей қабылдауы керек. Бұл істі сот жұмыс күні қабылдаған. Бұрын судья Қалымбетова қараған. Енді қайта бөлініп, бұл іс басқа судьяның өндірісінде", - дейді Шымкент қалалық сотының баспасөз қызметі.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1964168-amerikadagy-oquyn-zalgastyra-almai-zurgen-symkenttik-zigit-zan-oryndarynan-adildik-izdeidi/