Смайылов: Азық-түлік бағасын ұстап тұру – бірінші кезектегі маңызды мәселе
Жарияланған күні:
Бүгін, 9 сәуір күні, Үкіметтің цифрлық кеңсесінде премьер-министр Әлихан Смайылов әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасының өсуіне жол бермеу, сондай-ақ АЭА жұмысының тиімділігін арттыру бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы кеңес өткізді деп хабарлайды рrimeminister.kz.
Сауда және интеграция министрлігінің Сауда комитетінің төрағасы Ержан Қазанбаев өткен аптада әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасының өсімі 0,9%-ды құрағанын айтты.
Пияз 7,2%-ға, сәбіз 2,6%-ға, қырыққабат 2,5%-ға, картоп 2,2%-ға, сүт 1,8%-ға, құс еті мен айран 1,6%-ға, қант 1,1%-ға қымбаттаған.
Өңірлер бойынша бағаның ең көп өсуі Маңғыстау облысында 2%-ға, Солтүстік Қазақстан облысында 1,9%-ға, Ақмола және Қызылорда облыстарында 1,5%-дан тіркеліп отыр. Жыл басынан бері бағаның өсуі 12,4%-ды құраған.
"Біз бөлшек сауда нысандарының рұқсат етілген сауда үстемесін сақтауы бойынша жергілікті атқарушы органдарды үйлестіруді жалғастырып жатырмыз. Мәселен, өткен аптада үй жанындағы 30,8 мың дүкенде, яғни сауда объектілерінің 73%-ында рейдтік іс-шаралар жүргізілді. Осы аптада 231 бұзушылық анықталды. Соның нәтижесінде сауда үстемелері 25%-ға төмендеді", — деп атап өтті Қазанбаев.
Сонымен қатар "айналым схемасын" қаржыландыруды ұлғайту жұмысы өңірлерде төмен деңгейде жүріп жатқаны атап өтілді: жоспарланған 100 млрд теңгенің 58,3 млрд теңгесі ғана бөлінген.
Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев елдегі әлеуметтік маңызы бар азық-түлік қоры шамамен 643,5 мың тоннаны құрайтынын хабарлады.
Қант зауыттары өнімін есепке алмағанда, шамамен 30 мың тонна қант қоры бар.
Бұл ретте ел ішінде үздіксіз өндіріс қамтамасыз етіліп, Үндістаннан қосымша қант көлемін жеткізуге келісімшарт жасалған.
Әкімдіктердің деректеріне сәйкес, республика бойынша картоп қоры 199 мың тоннаны, қырыққабат – 17,2 мың тоннаны, сәбіз – 43,1 мың тоннаны, пияз – 23,1 мың тоннаны құрайды.
Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің төрағасы Серік Жұманғарин монополияға қарсы әрекет ету шаралары туралы баяндады. 12 өңірде өнімдердің көтерме сауда субъектілеріне қатысты Агенттіктің аумақтық бөлімшелері талдау жұмыстарын аяқтап, монополиялық жоғары бағаларды белгілеу фактілері бойынша 90-ға жуық сауда базарына қатысты тексеру тағайындалған.
Есептерді тыңдаған Әлихан Смайылов бір апта ішінде азық-түліктің негізсіз қымбаттауына жол берген өңір әкімдеріне бұл мәселеге жеткілікті бақылау жасалмай отырғандығын атап көрсетті.
"Маңғыстау облысында пияз 39,2%-ға, сиыр еті 5,5%-ға қымбаттаған. Өткен жылы біз Жамбыл облысының фермерлерімен өңірге пияз жеткізу бойынша уақытылы келісімшарт жасау қажеттігі туралы бірнеше рет айтқан едік. Аталған жұмыс орындалмады, сол себепті азық-түлік бағасының өсуіне жол беріліп отыр. "Айналым схемасына" 3,6 млрд теңгелік жоспар кезінде 1,1 млрд теңге бөлінді. Бөлінген қаражаттан кәсіпкерлерге 177 млн теңге ғана бағытталды", — деді ол.
Үкімет басшысы соңғы екі жылда Солтүстік Қазақстан облысында сүт-тауар фермаларын салуға айтарлықтай қаражат бөлінгенін атап өтті. Бұл орайда өңірде сүт өнімдері, айран, сүзбе мен сары май тиісінше 14,3%-ға, 9,5%-ға және 5,3%-ға қымбаттады.
"Азық-түлік бағасын ұстап тұру – бірінші кезектегі маңызды мәселе. Мен бірнеше рет "айналым схемасын" қаржыландыруды арттыруды тапсырған едім. Алайда бүгінде жұмыс тиісті деңгейде орындалған жоқ. Осы айдың соңына дейін қаржыландыруды 100 млрд теңгеге дейін арттыруды тапсырамын.
Алдағы аграрлық маусым қарсаңында өңірлердің бірінші кезектегі міндеті күзгі ауыл шаруашылығы өнімдерін жеткізуге форвардтық шарттар жасасу болуы тиіс. Егер қазір мүмкіндікті жіберіп алсақ, маусымаралық уақытта біз бағаның өсуіне тағы да тап боламыз", — деді Смайылов.
Премьер-министр Ауыл шаруашылығы министрлігіне әкімдіктермен бірлесіп, тұрақты негізде өндіріс пен тұтыну теңгерімін өзекті етіп отыруды, өңірлер арасында ауыл шаруашылығы өнімдерін олардың қажеттіліктерін ескере отырып жедел тәртіппен жеткізуді тапсырды.
Сондай-ақ Ауыл шаруашылығы министрлігіне әкімдіктермен бірлесіп, көкөніс өнімдерінің тапшылығы мен қажеттілігін ескере отырып, егілетін дақылдарды әртараптандыру бойынша шаралар қабылдау қажет. Сауда үстемесін бақылауға ерекше назар аудару керек.
"Азық-түлік өнімдері бағасының өсуі жалақыны, зейнетақыны, әлеуметтік төлемдерді арттыру және жалпы мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Үкімет жүргізетін азаматтардың кірістерін ұлғайту жөніндегі ауқымды жұмыстың барлығын жоққа шығарады. Бұл халықтың наразылығын тудырады. Әкімдер мен министрлер бұл мәселеге ерекше назар аударуы керек",— деп атап өтті үкімет басшысы.
Кеңестің екінші мәселесі арнайы экономикалық аймақтар қызметінің тиімділігін арттыру шараларын қабылдау болды.
Өз сөзінде ИИДМ басшысы Қайырбек Өскенбаев кейбір өңірлерде АЭА аумағын кеңейту, оңтайландыру шараларын жүргізу, басталған инфрақұрылымның құрылысын аяқтау, бейінді емес қызмет түрлерін қысқарту жоспарланғанын хабарлады.
"Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, биылғы 25 сәуірге дейін Үкіметке АЭА дамыту жөніндегі өзектендірілген Жол картасын енгізуді тапсырамын", — деп қорытты Смайылов.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1964286-smaiylov-azyq-tulik-bagasyn-ustap-turu-birinsi-kezektegi-manyzdy-masele/