Алматы облысында жылқы жол апатына себеп болды: Жүргізуші қаза тапқан
Жарияланған күні:
11 сәуірге қараған түні Алматы-Шелек-Қорғас тасжолында жылқы жол апатына себеп болып, салдарынан бір адам қаза тапты.
Жол көлік оқиғасы Еңбекшіқазақ ауданы Тескенсу ауылының маңында тіркелді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан агенттігі.
Басылым дерегінше, төрт түліктің бірін жол бойында қаққан Toyota Camry жеңіл көлігінің жүргізушісі - 29 жаста. Ол алған жарақаты салдарынан оқиға орнында қаза тапты.
Сонымен қатар, жол көлік оқиғасынан үш адам зардап шекті. Олардың арасында кәмелет жасына толмағандар бар. Жарақат алғандардың барлығы ауруханаға жатқызылды.
Қазіргі кезде жол апаты бойынша тергеу басталып, сараптама тағайындалған.
"Қазір жол көлік оқиғасына себеп болған жылқының иесін іздестіру жұмыстары жүріп жатыр. Оған төрт түлікті бақылаусыз баққаны үшін үлкен айыппұл салынады", - деп хабарлады Алматы облыстық полиция басқармасы.
Осы орайда полиция қызметкерлері ел тұрғындарын тасжолға жақын аумақтарда мал бақпауға шақырды. Ведомство мәліметінше, бұл адам шығыны бар жол көлік оқиғасына әкелуі мүмкін.
Сонымен қатар, тәртіп сақшылары тасжолдың бойында мал баққан азаматтардың жауапкершілікке тартылатынын еске салды.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1964550-almaty-oblysynda-zylqy-zol-apatyna-sebep-boldy-zurgizusi-qaza-tapqan/