"Үйде отырып, балаға қарау міндетіңіз емес": Үй шаруасындағы әйелдер неден ұтылып жатыр
Жарияланған күні:
Бүгінгі таңда қоғамда гендерлік құқық мәселесі жиі көтеріледі. Қазақстандағы гендерлік теңдік мәселесін зерттеумен айналысатын халықаралық құқық магистрі Әйгерім Құсайынқызы әйелдердің ақысы төленбейтін үй шаруасына қанша уақытын жұмсайтынын зерттеп көрген. Айқын газетіне берген сұхбатында ол ауылдық жердегі әйелдердің басты мәселелерін атап көрсетті, деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі.
Құқықтанушының сөзінше, Қазақстан халқының 47 пайызы ауылдық жерде, 53 пайызы қалада тұрады. Мамандар 2019-2021 жылдары бірнеше зерттеу жүргізіп, еліміздегі ауылдық жерлерде тұратын әйелдердің жалақы төленбейтін еңбегін есептеп көрген.
"Әйелдер таңертең тұрады, балаларға қарайды, малдың астын тазалайды. Тамақ істеп, кір жуады. Біз олардың үй шаруасына қанша сағат арнайтынын есептедік, сонда республика бойынша орта есеппен әйелдер 4 сағат 13 минут тегін жұмыс істейтін болып шықты. Ал ерлер 1 сағат 15 минут. Ауылдағы әйелдер 6 сағат артық жұмыс істейді. Мәселен, мектеп мұғалімі. 8 сағаттық жұмыстан бөлек үй шаруасымен айналысуы керек. Ауылдағы әйелдердің негізгі мәселесі – ақысы төленбейтін еңбек", - дейді Әйгерім Құсайынқызы.
Оның айтуынша, екіншіден, ауылды жерде тұрмыстық зорлық-зомбылық ушығып тұр.
"Себебі әйелдер жәбір көрген жағдайда қайда хабарласу керегін білмейді, қарапайым жедел жәрдемнің, учаскелік полиция пунктінің болмауы, қолдау орталықтарының жоқтығы мәселені күрделендіріп отыр. Білікті психологтың табылмауы былай тұрсын, балабақшаның болмауы да әйелдердің мәселесі. Себебі мансапты қойып, балалары аяққа тұрғанша үйде отырып қалуы – ауылдағы әйелдердің тағы бір проблемасы", - деген ойын бөліскен ол сұхбатта.
Құқықтанушы гендерлік экономиканы зерттегенде ауыл әйелдерін қала тұрғындарынан бөліп қарастырмауы тиіс екенін айтады, алайда, барлық гендерлік зерттеу орталықтары Алматы мен астанада орналасқан.
Әйгерім Құсайынқызы гендерлік теңдікке қол жеткізу үшін қоғам өзгеруі керек деп есептейді.
"Тарихта үй шаруасы әйелдің міндеті ретінде қалыптасқан. Таңертең тұрып, бәріне шай беру, үй жинап, бала бағу келіннің міндеті ретінде санаға сіңіп кеткен. Алайда ол – өткен заманның талабы. Гендерлік теңдікке қол жеткізуді мақсат еткен Швеция, Исландия декреттегі әйелге жалақы төлейді.
Яғни, үйде отырып, балаға қарау міндетіңіз емес, ол мемлекеттің макроэкономикалық құбылысы. Сіз мансап жағынан ұтылып жатырсыз. Себебі декреттен шыққан соң оған дейінгі жалақыны талап ете алмайсыз.
Біздегі мәселе - Қазақстандағы әйелдер оны міндетім деп қабылдайды. Сол үшін біз оның қалыпты жағдай емес екенін көрсеткіміз келеді. Кез келген еңбек бағалануы тиіс.
Үйде отырған әйелге мемлекеттен жалақы төлеудің ауылы алыс. Себебі әлемдегі 190 мемлекеттің 4-5-еуі ғана төлеп жатыр. Бұл мәселеде әйелдер күйеуімен келісімге келу арқылы шеше алады. "Мен еркекпін, сен тамақ істеп, бала бақ" дейтін қоғам болса, біз ешқашан гендерлік теңдікке қол жеткізе алмаймыз", - дейді құқық магистрі.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1964864-uide-otyryp-balaga-qarau-mindetiniz-emes-quqyqtanusy-ui-saruasyndagy-aielderdin-neden-utylyp-zatqanyn-aitty/