Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

СҚО тұрғыны былтыр көз жұмған әкесінің зиратын ауыстырып, қайта жерлегендерге ашынды

Жарияланған күні:

Қайта ауыстырылған қабір
Виеодан кадр: Facebook-тегі Игорь Лазаревтің парақшасынан алынды

Солтүстік Қазақстан облысындағы Новоишим ауылының тұрғыны Игорь Лазарев күтпеген жағдайға тап болды. Тұрғынның айтуынша, былтыр қыркүйекте көз жұмған әкесінің зиратын белгісіз біреулер қазып алып, марқұмды басқа жерге қайта жерлеген. Зираттағы жердің аздығынан келіспеушіліктер болса да, ол мұндай сұмдықты бұрын-соңды көрмегенін айтады, деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Жас жігіт өзінің жанайқайын Facebook әлеуметтік желісінде қалдырды.

"Новоишим ауылындағы жергілікті элитаның бассыздығынан әкемнің жерленген қабірі бұзылып, қазіргі таңда денесін қайда жібергенін білмейміз.

Әкем Вадим Лазараев 2021 жылғы 11 қыркүйекте жерленген. Марқұмды жерлеген соң, жергілікті кәсіпкер Игорь Батов қоқан-лоққы көрсете бастады. Ол әкемнің денесін қазып алып, басқа жаққа көмуімді талап етті. Айтуынша, оның ұлының қасында ешкім жерленбеуі керек. Егер бұл талабын орындамасам, марқұмның мәйітін қазып алып, лақтырып тастайтынын да жеткізді.

11 сәуір күні әкемнің басына барып, бейіттің ішінде әкемнің қабірі жоқтығын байқадым. Оны бұрын жерленген жерінен алты метрге көшіріп, әкеме арналған крестті қойған. Крест тұрған жерде денесі де жатыр дегенге сене алмай отырмын. Құзырлы органдардан осы мәселе бойынша іс қозғауды сұраймын", - дейді Лазарев.

Астана арнасына сұхбат берген кәсіпкер Игорь Батов бұл іске қатысы жоқтығын айтады.

"Мен баламның қабірінде соңғы рет былтырғы жылдың қыркүйек айында болдым. Марқұмның денесін басқа жерге жерлеген мен емес. Жас жігіттің қабір маңайындағы тас төсеуішті қопарып тастағаны көп кісіге ұнамады. Мүмкін, біреу осылайша оны жазалағысы келген шығар", - дейді ол.

Астана арнасының мәліметінше, Игорь Лазарев зиратта жерлейтін орын аз болғандықтан, басқа қабір басындағы тас төсеуіштерді бұзуға мәжбүр болған.

Келеңсіз оқиғаға байланысты Ғабит Мүсірепов ауданындағы полиция бөлімшесі тергеуді бастаған.

"Аталған факт Ғабит Мүсірепов аудандық полиция бөлімінде Қылмыстық кодекстің 314-бабы 1-бөлігі ("Өлген адамдардың мәйіттерін және олардың жерленген жерін қорлау") бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне енгізілді. Қазіргі таңда полицейлер тергеу жұмыстарын жүргізуде. Қылмыстық іс бойынша сотқа дейінгі іс-шаралар толық аяқталған соң, заңды процессуалды шешім қабылданады", - дейді аудандық полициядан.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1965176-sqo-turgyny-byltyr-koz-zumgan-akesinin-qorymyn-auystyryp-qaita-zerlegenderge-asyndy/