Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Қостанайда 5 ай бұрын 662 млн теңгеге салынған жағалау бұзыла бастаған (видео)

Жарияланған күні:

Жағалау
Видеодан кадр: Астана телеарнасы

Қостанайда қомақты қаражатқа салынған жағалау жарты жылға шыдас бермей, бұзыла бастады. Шаһардың көрікті жеріне айналады деген аумақтан жұрт айналып өтіп жүр. Ал мердігер компания өкілдері жағалауды қала тұрғындары қасақана қиратып жатыр деп ойлайды, деп хабарлайды Астана телеарнасы.

Телеарнаның хабарлауынша, бес ай бұрын гранит тастардан қаланған қабырғалардың кейбір тұстары жарылып, тас-талқаны шыққан. Ұзындығы 300 метр. Жалпы аумағы 13 мың шаршы метрден астам жағалауды жаңғыртуға 662 миллион теңге жұмсалған.  

"Мердігер кепілдік міндеттері шеңберінде 3 жыл бойы қызмет көрсетеді. Тастөсемдердің опырылуы бойынша акт толтырылды. Гранит плиталар мен спорттық құрылғылардың қирауына байланысты арыз берілді. Енді құқық қорғау органдары нысанға қасақана нұқсан келтірген тұрғындарды анықтауы тиіс", - деді Қостанай қаласы ТҮКШ бөлімінің сектор меңгерушісі Нұрдәулет Бейсенов.

Жағалауды "Сапа Құрылыс" компаниясы жаңғыртқан. Нысан жобалық құжатқа сай салынды дейді мердігер. Жарты жылда қираған тұстарын қалыпқа келтіру үшін кемінде 2-3 миллион теңге қажет екен. Енді тәуелсіз комисия шығынды кім көтеретінін анықтайды.

"Тәуелсіз комиссия құрамыз. Солар арқылы кепілдік міндеттерге кіретін тұстарын, жұмсалатын қаражат көлемін анықтаймыз. Құқық қорғау органдарына өтініш жаздық. Бұл маңайға бейнебақылау камераларын орнатпаса болмайды", - деді мердігер Қайрат Мұсабаев.

Жаңа  жағалау  көпшіліктің  де көңілінен  шығар емес. Тұрғындар балалар  ойнайтын жердің олқы тұсы көп десе, жас скейтерлер спорттық жабдықтар мен алаңның мүлдем талапқа сай салынбағанын айтады.

Мердігер болса құны қымбат гранит тастарды қаскөйлер қасақана тас-талқан еткен деп отыр. Ал тастөсемдердің опырылып кетуіне қыс бойы бұл маңды қардан тазартқан коумманалдық кәсіпорындар кінәлі көрінеді. Дегенмен мердігер жағалаудың қираған тұстарын аз уақытта қалыпқа келтіреміз деп сендірді.

Авторы: З. Санай

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1965333-qostanaida-5-ai-buryn-662-mln-tengege-salyngan-zagalau-buzyla-bastagan-video/