Көлік есептен шығарылмаса қандай қиындықтар туындайды
Жарияланған күні:
Сенімхат арқылы сатылған көлік үш жылдың ішінде сатып алушының атына аударылмаса көлік автоматты түрде бұрынғы иесінің атына қайта аударылады. Бұл туралы Талдықорғандағы мемлекеттік кірістер басқармасының маманы Бауыржан Бекежанов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Маманның сөзінше, сатылып кеткен көліктің салығы бұрынғы иесіне қайта келіп жататын жайттар жиі кездеседі. Бұған себеп - көліктің уақытында есептен шығарылмауы дейді Бауыржан Бекежанов.
Яғни, көлікті сенімхат арқылы сатқанда, көлікті сатып алушы оны үш жылдың ішінде өз атына аударып алуы керек. Әйтпесе көлік автоматты түрде бұрынғы иесінің атына қайта аударылады.
"Үш жылдың ішінде есептен шығармағаннан кейін, сенімхаттың күші жойылады. Яғни көліктің иесі оны сатқан адам болып қала береді. Сондықтан көлік сатқан адам салық комитетіне келіп, қарыздарын есептетіп, автоцонға барып, утилизация рәсімдеп, көлігін тіркеуден алып тастауы керек", - дейді Талдықорған қаласы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасының бас маманы Бауыржан Бекежанов.
Оның айтуынша, бұлай болмаған жағдайда көлік кімнің атында тұр, сол адам салық төлейді. Төлемеген жағдайда берешек мәжбүрлі түрде сот арқылы өндіріледі. Сондықтан көлікті сатқаннан кейін бірден оның сатып алушының атына аударылғанын қадағалау керек. Себебі, көліктің салығы төленбеген жағдайда өсімпұл күннен күнге өсе береді.
"Яғни, көліктің иесін сотқа береді. Шоттарын бұғаттайды, көлігін айып тұрағына қояды, бұған қоса өсімпұл өседі", - дейді ол.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1965350-kolik-esepten-sygarylmasa-qandai-qiyndyqtar-tuyndaidy/