TikTok-тағы лайк үшін басын қатерге тіккен 13 жасар оқушыны полицейлер құтқарып қалды
Жарияланған күні:
Алматы облысында әлеуметтік желіде лайк жинауды мақсат еткен жасөспірім қыз екінші қабаттан секірмек болған. Бұл туралы облыстық полиция департаменті хабарлады, деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі.
Полиция департаментінің мәліметінше, оқушы қыз TikTok-тан лайк жинау үшін екінші қабаттан секірмек болған сәтін видеоға түсірмекші болған.
Аталған факт Іле аудандық полиция бөлімшесіне тіркелген. 18 сәуір күні құқыққорғау органдарына жасөспірімнің әрекеті туралы ақпарат келіп түседі
Дереу оқиға орнына барған учаскелік инспектор оқушы қызды бұл ойынан айнытып, ғимараттың төбесінен түсіріп алған. Жасөспірімді ата-анасының қолына табыстап, түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Кейін 13 жасар оқушы қыз шын мәнінде өзіне қол жұмсағысы келмегенін мойындады. Ол әсерлі видео түсіріп, Тик-ток әлеуметтік желісінде көп лайк жинауды көздеген. Сол күні сабақтан кешігіп қалған ол қаңырап тұрған екі қабатты ғимараттың төбесіне шығып, полицияға хабарласады. Ал осы жағдайдың барлығын ол ұялы телефонына түсіріп отырған.
"Жасөспірім қыз жағдайы жақсы отбасыда тәрбиеленген. Мектеп әкімшілігі оның ешқандай теріс қылығы байқалмағанын айтты. Ол өзінің не үшін бұл әрекетке барғанын түсіндіріп берді. Айтуынша, қызықты видео түсіріп, TikTok-тан лайк жинағысы келген", - дейді Іле аудандық полиция бөлімшесінің өкілдері.
Ювеналды полиция инспекторлары оқушыны бақылауға алды. Енді оны мектеп психологымен жұмыс күтіп тұр.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1965907-almaty-oblysynda-tiktok-tan-laik-zinagysy-kelgen-13-zasar-oqusy-qyz-eldi-dur-silkintti/