Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Қаңтар оқиғасы кезінде ұшақтың бірінде қалып қойған ұшқыш бастан кешкен оқиғасын айтып берді

Жарияланған күні:

әуежай
Көрнекі фото: pixabay.com

Қаңтар оқиғасы кезінде әуежайдағы ұшақтың бірінде қалып қойған ұшқыш сол күні бастан кешкен оқиға туралы алғаш рет сұхбат берді. Алмас Байғожиннің айтуынша, ішке ентелегендер қазақ, орыс, тіпті ағылшын тілінде сөйлеген, деп хабарлайды КТК телеарнасы.

Алмас Байғожин 5 қаңтар күні терминалды тонап, тұрақтағы көліктерді ашып, одан соң өздеріне бет алған топты көргенде ұшақтың іштен есігін жауып алдық, дейді.

"Жиналған топтың бірі ұшаққа келіп айналасын қарайлады. Бірақ ешнәрсе істемеді. 7-8 жігіт болатын. Араға жарты сағат салып, бір кезде 15 шақты адам келді. Қолында темір, балта, тағы да басқа заттар болды. Есікті бұзып кіргісі келді. Бір қызығы, олар есіктің сырттан қалай ашылатынын білгендей әрекет етті. Өйткені құрылымы күрделі болғандықтан, оны қалай ашу керегін екінің бірі білмейді", - деді ол.

Ұшқыштың сөзінше, "ұшақты босатып, сыртқа шығыңдар" деп айқайлағандар үш тілде сөйлеген.

"Ұшақтың есігін ашпасаңдар, өртеп жібереміз" деп орыс және қазақ тілінде қорқытты.

Ал ағылшынша "есікті ашсаңдар, сендерге ештеңе болмайды, уайымдамаңдар" деп сендіргісі келді. Не істерімізді білмедік. Алдын ала ұшақты өшіргенбіз. Сондықтан олар біздің мұнда отырғанымызды білмеген де болуы мүмкін", - деді Алмас Байғожин.

Ұшаққа кіре алмағандар ақырында тараған.

Экипаж бес сағат ұшақта тығылып, таңертең кеңселеріне барып, әрі қарай үйлеріне қайтқан.

Алмас Байғожин сол кезде бастан кешкен әсерінен енді айығып, өз оқиғасын айтам деп шешіпті. 25 жастағы жас ұшқыш киноға бергісіз мұндай жайттың енді қайталанбауын тілейді.

Дереккөз: КТК телеарнасы

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1966440-qantar-oqigasy-kezinde-usaqtyn-birinde-qalyp-qoigan-usqys-bastan-kesken-oqigasyn-aityp-berdi/