Бүгін Алматы мен еліміздің бірнеше өңірінде қатты жауын-шашын күтілуде
Жарияланған күні:
"Қазгидромет" РМК 25 сәуірге арналған ауа райы болжамын ұсынды. Синоптиктердің дерегінше, бүгін еліміздің басым бөлігінде күн жаңбырлы болады.
Метеорологтардың болжамынша, 25 сәуірде орталықта, шығыста, оңтүстікте, оңтүстік-шығыста жауын-шашын, оңтүстік пен оңтүстік-шығыстың таулы, тау бөктеріндегі аудандарында қатты жауын-шашын (қар аралас жаңбыр) күтіледі.
Тек еліміздің батысында, оңтүстік-батысында, солтүстігінде және солтүстік-шығысында жауын-шашынсыз ауа райы сақталады.
Одан бөлек республика бойынша тұман, желдің күшеюі, оңтүстік-батыста шаңды дауыл, оңтүстік өңірлерде-найзағай, бұршақ, дауыл күтіледі.
Осыған байланысты Қазақстанның бірқатар аймақтарында дауылдық ескерту жарияланып отыр.
Мәселен, бүгін Алматы қаласында найзағай ойнап, жаңбар жаууы ықтимал. Жаңбыр түнде де жаууы мүмкін. Күндіз қалада 15-17 градус аралығында жылы болмақ. Дегенмен жел де тұруы ықтимал. Желдің күші 5-10 м/с, найзағай кезінде 15 м/с дейін жетеді деп күтілуде.
Ал Нұр-Сұлтан қаласында бүгін күн шуақты болады. Елордада сынап бағанасы 13-15 градусқа дейін көтеріліп, күші 3-5 м/с жететін аздаған екіпінді жел тұруы ықтимал.
Еліміздің үшінші мегаполисінде де 25 сәуірде күн шуақты болады. Синоптиктердің болжамынша, бүгін Шымкентте жауын-шашынсыз ауа райы сақталады. Қалада сынап бағанасы 20-22 градусқа дейін көтеріліп, күші 8-13 м/с дейін жететін жел тұруы мүмкін.
Сондай-ақ бүгін Жамбыл облысының оңтүстік-батысында, солтүстік-шығысында, таулы аудандарында найзағай, бұршақ, дауыл күтіледі, желдің күші 15-20 м/с, 23-28 м/с дейін жетуі ықтимал.
25 сәуірде күндіз Түркістан облысының таулы аудандарында найзағай, бұршақ, дауыл күтіледі, желдің екпіні 15-20 м/с дейін жетуі мүмкін.
Алматы облысының оңтүстігінде, таулы, тау бөктеріндегі аудандарында да бұршақ, дауыл, найзағай күтіледі, желдің күші 17-22 м/с дейін жетуі ықтимал.
Сонымен бірге бүгін күндіз Қарғанды облысының оңтүстігінде найзағай ойнап, облыстың оңтүстігінде желдің күші 15-20, 25 м/с дейін жетуі мүмкін.
25 сәуірде күндіз Маңғыстау облысының оңтүстігінде, батысында шаңды дауыл тұрып, желдің екпіні 15-20 м/с дейін жетуі ықтимал.
Бүгін Ақмола облысының оңтүстігінде де тұман күтіледі, түнде облыстың оңтүстігінде жел 15-20 м/с дейін күшеюі мүмкін.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1966557-bugin-almaty-men-elimizdin-birnese-oblysynda-qatty-zauyn-sasyn-kutiledi/