Алматының жедел жәрдем қызметі дәрігерлері жаңа униформа алды
Жарияланған күні:
28 сәуір – Қазақстанда жедел жәрдем қызметкері күні. Осыған орай Хоум Кредит Банкі Алматыдағы жедел медициналық жәрдем қызметкерлеріне 2 060 дана жаңа униформа жиынтығы түріндегі қайырымдылық сыйлығын табыс етті.
"Қаңтар айында елімізде болған қайғылы оқиғалар бәріміздің есімізде және сол кезде медицина қызметкерлері өз өмірлерін қатерге тігіп жарақат алған әрі тәртіпсіздіктерден зардап шеккен қаншама адамды құтқарғаны да есімізде. Дәрігердің бұл жанкешті еңбегі -ерлікпен пара-пар. Мен барлық медицина қызметкерлерінің жұмысына зор құрметпен қараймын және адам өмірін құтқару – екінің бірінің қолынан келе бермейтін, жауапкершілігі мол қызмет деп білемін. Соңғы жылдары біздің дәрігерлер өздерінің кәсіпқойлығының арқасында майданда алдыңғы шепте жүр десек артық айтқанымыз емес. Бұған дәлел Қазақстанның коронавирус пандемиясын жеңуі болып отыр. Мен бізге дәрігерлерге алғыс айту мүмкіндігінің берілгеніне шын жүректен қуаныштымын. Біздің осындай аз ғана көмегіміз жедел жәрдем қызметі мамандарының көңілінен шығып, олардың күнделікті күрделі жұмысына аз да болса қолдау көрсетеді деп сенемін", - деп атап өтті Хоум Кредит Банкінің басқарма төрағасы Кирил Бачваров.
Униформа қазақстандық конструкторлардың қатысуымен дайындалған әрі өзге де бұйымдар да өз елімізде тігілген. Көктем және жаз маусымдарында униформада жұмыс істеу ыңғайлы болу үшін дизайнерлер мақта талшықтары қосылған маталарды қолданған. Сол себепті киім үлгісі жеңіл, гигроскопиялық және тез тозбайды. Тағы бір айта кетер жайт: униформа тартымды әрі түсі де көзге бірден түсетіндей қанық. Жаңа форма кез келген медицина қызметкерінің көркін ашатыны сөзсіз.
"Банк командасына біздің өтініш-тілегімізге құлақ асып, оны орындап бергендері үшін алғысымыз шексіз. Форма матасының түсі ашық әрі сапалы тігілген. Енді біздің униформамыз тек танымал ғана емес, сонымен бірге күнделікті киіп жүруге де ыңғайлы. Киім үлгісін тігу барысында ештеңе назардан тыс қалмаған: мысалы, форманы безендіруде жарық түссе шағылысатын арнайы таспа қолданылған, бұл біздің қызметкерлерге түнде алыстан көрінуге мүмкіндік береді және бұл олардың қауіпсіздігі үшін де маңызды болмақ. Хоум Кредит Банкі өкілдеріне көп рахмет, мұндай қолдау біз үшін өте маңызды, бұдан біз жұмысымызды бағалайтын жандардың көп екеніне тағы бір мәрте көз жеткізіп отырмыз", - деді Алматы жедел медициналық жәрдем қызметінің директоры Ербол Сәрсенбаев.
Хоум Кредит Банкі қалыптасқан дәстүр бойынша әлеуметтік жобаларға көп көңіл бөледі. Мәселен, банк 2020 жылы Covid-19-ға қарсы күрес жөніндегі жаһандық бастама аясында Қазақстанның медициналық мекемелеріне 130 000 медициналық маска берді.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1967202-almatynyn-zedel-zardem-qyzmeti-darigerleri-zana-uniforma-aldy/