Алматыда жаңа метро станциясының атауындағы әріп ашылған күні түсіп қалды (фото)
Жарияланған күні:
Алматыда "Сарыарқа" жаңа метро станциясы ашыла салысымен оның атауындағы бір әріп түсіп қалды. "Р" әріпінің жерде жатқан суреті желіде лезде тарап кетті, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.
"Метрополитен" КМК баспасөз қызметінің хабарлауынша, станциялар мен метро жүйелерінің жағдайы тәулік бойы бақылауда, әсіресе жаңа станциялар іске қосылғаннан кейін жұмыс қарқынды жүріп жатыр.
Қазір метрополитенде барлық жүйе үзіліссіз штаттық режимде жұмыс істеп тұр, жолаушыларды тасымалдау қауіпсіз түрде жүргізілуде.
Дегенмен метрополитен баспасөз қызметі әріпке қатысты жағдайды растады.
"Иә, шын мәнінде, платформада "Сарыарқа" станциясының атауынан бір әріп түсіп қалды. Ол жұмыс күні аяқталғаннан кейін және түйіспелі рельстен кернеуді алып тастаған соң қалпына келтірілді, өйткені жұмыс кезінде түйіспелі рельс 825 вольтты кернеуде болады.
Яғни, жолға түсуге тыйым салынады. Толық пайдалануға берілген соң анықталған кемшіліктер кепілдік міндеттемелер шеңберінде ретке келтірілетінін атап өткен жөн", - деді "Метрополитен" КМК баспасөз қызметі.
Еске сала кетсек, 30 мамыр күні Алматыда "Сарыарқа" және "Бауыржан Момышұлы" метро станциялары ашылғанын жазған едік.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1971829-almatyda-zana-metro-stanciyasynyn-atauyndagy-arip-asylgan-kuni-tusip-qaldy-foto/