Қазақстанда балабақшаларға қойылатын талаптар күшейтілмек
Жарияланған күні:
Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов өзінің Telegram-каналында елдегі балабақшаларға қойылатын талаптарды күшейту туралы жоспарын жариялады, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.
Министрдің сөзінше, орнатылған бейнекамералардың арқасында қоғам балалардың құқықтары бұзылған фактілер туралы хабардар отыр. Бұл балабақшаларға қойылатын талаптарды күшейту қажеттілігі туралы ұстанымның өзектілігін растайды.
"Он жылдан астам уақыт бұрын балабақшалар санының жылдам өсуін ынталандыру үшін лицензиялаудан, кейін мемлекеттік бақылаудан, мониторингтен және олардың қызметін реттеуден бас тарту туралы шешім қабылданды. Ол қандай нәтиже берді?
Жекеменшік балабақшалар саны күрт артып, 3 жастан 6 жасқа дейінгі балалар бірден 99 пайызға дейін қамтылды. Бұл - жақсы нәтиже. Алайда балабақшалар санын көбейтуге мүмкіндік болса да, сапа мәселесі өзекті болып қала береді. Балабақшалардың жартысы техникалық және санитарлық талаптарға сай келмейтін ғимараттарда, білікті мамандарсыз және қауіпті жағдайларда ашылған. Мұндай фактілер жеткілікті", - деді Асхат Аймағамбетов.
Министр екі жыл бұрын лицензиялау мен мемлекеттік бақылауды қайтаруға әрекет жасалғанын жеткізді. Алайда сол кезде кәсіпкерлер палатасының, балабақшалар қауымдастығының және бірқатар мемлекеттік органның ұстанымы бұл норманы заңға енгізуге мүмкіндік бермеген.
"Бірақ біз бұл бағытта жұмысты тоқтатпадық. Былтырдың соңында мемлекеттік аттестаттау жүйесін енгізе алдық. Аттестация нәтижесі көңілден шықпады. Тексерістен өткен балабақшалардың 80 пайызы мемлекеттік аттестациядан өте алмады.
Әңгіме балабақшадағы бүлдіршіндерге қолайлы жағдай жасалмауы, оқу-тәрбие жұмыстарының мемлекеттік білім беру стандартына, қауіпсіздік техникасы, өрт және санитарлық нормалардың талаптарға сәйкес келмеуі, тәрбиешілердің қол көтеруі және басқа да келеңсіз фактілер туралы болып отыр", - деді ол.
Аймағамбетовтың айтуынша, қазір министрлік бес негізгі бағыт бойынша жұмыс істеп жатыр:
1. лицензиялауды қайтару;
2. жұмыс жағдайлары мен сапасын тексеріп, барлық балабақшаны аттестациялаудан өткізу;
3. балабақшаларға мемлекеттік тапсырыстарды орналастыруға қойылатын талаптарды күшейту;
4. мектепке дейінгі мекеме қызметкерлерінің кадрлық әлеуетін арттыру. Колледждер мен ЖОО-ларда мамандарды даярлау сапасын арттыру;
5. мектепке дейінгі білім берудің жаңа моделі бойынша бағдарламалардың мазмұнын жаңарту.
Осы ретте, министр соңғы жылдары балабақша тәрбиешісі мамандығына оқуға түсуге конкурс күрт төмендеп кеткенін жасырмады.
Оның сөзінше, бұл ең алдымен жалақыға байланысты. Тәрбиешілердің жалақысы жыл сайын 25 пайызға өскенімен, базалық жалақының аздығынан ол әлі де болса жеткіліксіз болып отыр.
"Қазір біз бірнеше балабақшада пилоттық жоба бастадық. Бұл жоба бойынша екі тәрбиеші жарты күн емес, күні бойы жұмыс істеп, екі есе жалақы алады. Кейін пилоттық жоба нәтижесі бойынша шешім қабылданады.
Әрине, жекеменшік балабақша ашатын кәсіпкерлерді қолдау маңызды екенін түсінеміз.
Бірақ біздің жұмысымыздағы басты бағыт – балалардың қауіпсіздігі және оларға қолайлы әрі сапалы жағдай жасау. Мұндай ережелер ата-аналар үшін маңызды және адал кәсіпкерлер үшін пайдалы деп есептеймін", - деп сөзін қорытындылады Асхат Аймағамбетов.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1972242-qazaqstanda-balabaqsalarga-qoiylatyn-talaptardy-kuseitu-zosparlanuda/