Елдегі мектептерде ата-аналар жиналысы жаңа форматта өтпек
Жарияланған күні:
Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов елімізде ата-аналар жиналысын өткізу форматы өзгеретінін хабарлады, деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі.
"Мектепте ата-аналар жиналысын өткізуге қатысты мәселе бірнеше рет көтерілді. Өткен жылы ата-аналар жиналысын өткізудің жаңа форматына көшу жайлы тапсырма берілді.
Барлық мектеп ата-аналар жиналысын өткізудің жаңа форматына көшуі керек. Оларды жинап алып, басқа адамдардың көзінше баланың үлгерімі мен тәртібін талқылаудан арылған жөн. Оның орнына жеке, топтық немесе ұжымдық форматта ұйымдастырған тиімді. Әрбір ата-анаға педагогтен өз баласының жетістіктері мен әлсіз тұстары туралы ақпаратты ала-алатындай жағдай жасауымыз керек. Ол үшін ата-аналармен қарым-қатынасты жаңаша жүргізу маңызды.
Әрине, баласын басқа атa-аналардың көзінше талқылап жатса, ата-аналар жиналысқа келгісі келмейді", - дейді министр.
Асхат Аймағамбетовтың пікірінше, мұғалімдер ата-аналарға балаларының қандай пәндерге көбірек қызығушылық танытатыны және оларға қосымша нені зерттеу керектігі туралы ақпаратты жеке айтуы тиіс.
Айта кетейік, бұған дейін білім және ғылым министрлігі жаңа оқу жылынан бастап мектептерде "Патриотизм және жаһандық құзыреттер" курсын енгізуді жоспарлап отырғанын жазған едік.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1973024-elimizdin-mektepterinde-ata-analar-zinalysy-zana-formatta-otedi/