Жамбыл облысында шахтада 10 күн бойы алтын қазғандар қылмыс үстінде ұсталды (видео)
Жарияланған күні:
Жамбыл облысы Мойынқұм ауданында өнеркәсіптік компанияның шахтасынан алтын рудасын ұрламақ болған күдіктілер ұсталды, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі өңірлік ПД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ведомствоның мәліметінше, зардап шегуші тарап белгісіз тұлғалар компанияның күзетілетін аумағына кіріп, тереңдігі 100 метр шахтаға түсіп, құрамында алтын бар 3 қап кен ұрламақ болғанын айтқан.
Мойынқұм ауданының полиция қызметкерлері осы қылмысқа қатысы бар деген күдікпен 1976 және 1977 жылы туылған екі ер адамды ұстады. Күдіктілер Ақмола облысы мен Нұр-сұлтан қаласының тұрғындары болып шықты.
"Тергеу амалдары барысында үш ер адам алдын ала сөз байласып, 2022 жылдың 26 мамырынан бастап өзімен бірге құрал-саймандар мен азық-түлік алып, қымбат металды өндіру үшін шахтаға түскені анықталды.
Күдіктілер шахтада 10 күннен астам уақыт болған. Олар кенді қаптарға жинап қойғанымен, қылмысты аяқтай алмаған. Кеншілер бұзақыларды қылмыс орнынан ұстады", - делінген хабарламада.
Факті бойынша Қылмыстық кодекстің 24-бабы 3-бһлігі, 188-бабы 3-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Заттай айғақтар алынды. Бірқатар қажетті сараптамалар тағайындалды.
Қазіргі уақытта полицейлер үшінші күдіктіні іздеп жатыр.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1973610-zambyl-oblysynda-saxtada-10-kun-boiy-altyn-qazgandar-qylmys-ustinde-ustaldy-video/