Шымкентте қайырымдылық концерті көрермендер залға сыймай қалғандықтан өтпей қалды (видео)
Жарияланған күні:
Шымкентте қайырымдылық концерт айқай-шуға ұласты, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі Otyrar телеарнасына сілтеме жасап.
Телеарнаның хабарлауынша, Зируза мен танымал блогер-орындаушы Садраддин Болаттың концерті көрерменнің көптігіне байланысты өтпей қалған.
Тіпті концерт көруге келгендер "Түркістан сарайы" ғимаратына есікті жұлқып ашып, кіруге әрекет жасаған. Бұл сәтті куәгерлер видеоға түсіріп, әлеуметтік желіде жариялады.
Болған жайтқа қатысты қалалық мәдениет басқармасы пікір білдірді.
"Бұл қайырымдылық концерті бастапқыда 12 маусымда "Наурыз" алаңында өтуі тиіс еді, бірақ Meyirimdi asyladam қайырымдылық қорының ұйымдастырушысы сол жерде өткізу туралы әкімдіктің рұқсатын алмаған. Нәтижесінде олар сол күні-ақ "Түркістан сарайымен" 19:00-де концерт өткізу туралы келісімге келген", - дейді Шымкент қалалық мәдениет басқармасының баспасөз хатшысы Мақпал Сауранбекова.
Жоспарланған тегін концертке бір сағат қалғанда сарайдың кіре берісіне 2,5 мыңнан астам адам жиналған. Салдарынан адамдар әбігерге түсіп, кептеліс пайда болған. Желіде тараған видеодан көрермендерің Мәдениет сарайының қызметкерлерімен дауласып, өткізіп жіберуді өтініп жатқанын және бір-бірін итеріп жатқанын көруге болады.
"Түркістан" мәдениет сарайы 1300 орынға есептелген. Сағат 19:00-де зал лық толды. Бұдан соң Қаратау ауданының әкімі Р.Мүлкеманов пен Шымкент қалалық полицейлері қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында ұйымдастырушылармен түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында ұйымдастырушылар концертті өткізбеу туралы шешім қабылдады. Бұл шешім 20:00-де көрермендерге хабарланды", - дейді концерттің өтпеу себебін түсіндірген Мақпал Сауранбекова.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1973899-symkentte-qaiyrymdylyq-koncerti-korermender-zalga-syimai-qalgandyqtan-otpei-qaldy-video/