Жыл басынан бері Қазақстаннан 7 мыңнан астам адам кеткен
Жарияланған күні:
Ұлттық статистика бюросы еліміздегі демографиялық жағдай туралы қаңтар-сәуір айындағы деректерді жария етті. Жыл басынан бері Қазақстаннан 7 мыңнан астам адам кеткен, деп хабарлайды ведомство ресми сайтында.
"Көші-қон қызметі органдары ұсынған мәліметтерді өңдеу нәтижесінде 2022 жылғы қаңтар-сәуірде елімізге тұрғылықты тұруға келгендердің тіркелу саны 5 122 адамды, елімізден кеткендердің саны 7 041 адамды, көші-қонның айырымы - 1 919 адамды құрады", - делінген хабарламада.
Бюроның мәліметінше, еліміздің негізгі көші-қон алмасуы ТМД елдерімен жүзеге асады. ТМД елдерінен келгендердің үлесі 85,3 пайызды, көшіп кеткендердің үлесі 80,1 пайызды құраған.
Ведомство осы кезеңде ел ішінде қоныс аударушылар саны 3 пайызға азайғанын атап өтті.
Өңіраралық қоныс аудару бойынша халық көші-қонының оң айырымы еліміздің 3 өңірінде байқалды: Алматы (11 577 адам), Нұр-Сұлтан (10 300 адам) және Шымкент (1 664 адам) қалаларында.
Осы ретте ведомство халықтың табиғи өсімі туралы да мәліметті бөлісті.
Биылғы қаңтар-сәуірде республика халқының табиғи өсімі өткен жылғы осы кезеңмен салыстырғанда 9,8 пайызға кеміп, 79,3 мың адамды құрады.
"АХАТ органдары ұсынған азаматтық хал актілері жазбаларындағы мәліметтерді өңдеу нәтижесінде 2022 жылғы қаңтар-сәуірде өмірге келгендер саны 127 мың адамды құрады, бұл 2021 жылғы қаңтар-сәуірге (137,4 мың адам) қарағанда 7,6 пайызға аз", - делінген хабарламада.
Сонымен қатар осы кезеңде қайтыс болғандар саны 47,7 мың адамды құрады, бұл өткен жылғы қаңтар-сәуірге қарағанда 3,6 пайызға аз.
Одан бөлек, 2022 жылғы қаңтар-сәуірде республикада 1 жасқа дейін шетінеген 1 113 нәресте тіркелді. Бұл көрсеткіш 0,4 пайызға артқан.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1974045-zyl-basynan-beri-qazaqstannan-7-mynnan-astam-adam-ketken/