Шәмші Қалдаяқовқа "Қазақстанның Еңбек Ері" атағы берілді
Жарияланған күні:
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев композитор Шәмші Қалдаяқовқа жоғары дәрежелі ерекшелік белгісі "Қазақстанның Еңбек Ері" атағын беру туралы жарлыққа қол қойды, деп хабарлайды Ақорда.
"Қазақ халқының музыка өнерін дамытудағы айрықша еңбегі үшін композитор Шәмші Қалдаяқовқа жоғары дәрежелі ерекшелік белгісі – "Қазақстанның Еңбек Ері" атағы беріліп, айрықша ерекшелік белгісі – Алтын жұлдыз бен "Отан" ордені тапсырылсын (марқұм)", - делінген жарлықта.
Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Айта кетейік, Шәмші Қалдаяқов - аты аңызға айналған қазақ сазгері, Қазақстанның қазіргі әнұранының авторы.
Ол 1930 жылы Оңтүстік Қазақстан облысының Отырар ауданында дүниеге келген. Сарыағаштағы Қапыланбек мал дәрігерлік техникумында, Ташкенттегі музыка училищесінде және Алматы мемлекеттік консерваториясында білім алған.
Шәмші Қалдаяқов 1992 жылы 29 ақпанда жасы 62-ге қараған шағында ұзаққа созылған ауыр науқастан қайтыс болды. Оның артында 300-ден астам ән қалды.
Композитордың құрметіне 1992 жылдан бастап сазгерлер мен әншілерге арналған Қалдаяқов атындағы халықаралық байқау-фестиваль өткізіліп келеді. Шымкент қаласындағы облыстық филармония мен бір көше, Алматы қаласындағы бір көше және композитор туған Шәуілдір ауылындағы музыка мектебі Қалдаяқов есімімен аталады. Сонымен бірге Шымкент филармониясының алдына Қалдаяқов ескерткіші орнатылды.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1974203-samsi-qaldayaqovqa-qazaqstannyn-enbek-eri-atagy-berildi/