Аустралияда бөгде адамдардың тауар ақысын өз картасымен төлеу арқылы желі жұлдызы атанған қазақ жігіті кім
Жарияланған күні:
Аустралияда тұратын қазақ жігіті супермаркеттерде бөгде адамдардың тауар ақысын өз картасымен төлеп беріп, көпшіліктің алғысын алып жүр. Рустам Разиев адамдардың эмоциясын видеоға түсіру арқылы бүгінде Tik-Tok желісінде миллиондаған қаралым жинаған, деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі.
Рустам Разиев Алматыдан Аустралияның Мельбурн қаласына осыдан 11 жыл бұрын көшіп барған. Ол дүкен кассаларында, тамақтану орындарында тұрған бейтаныс жандардың шотын өз ақшасымен жауып беру арқылы желіде таныла бастады.
Бүгінде оның қайырымдылық істері туралы шетелдік басылымдар жарыса жазуда.
Мәселен, жергілікті телеарналардың бірі Tik-Tok жұлдызының өзінен сұхбат алып, одан бөтен адамдарға қайырымдылық жасауының себебін сұраған.
"Бұл әрекетіме балалық шағымның қалай өткені түрткі болса керек. Мен қарапайым отбасынан шыққанмын, біз бай тұрмадық. Бір бөлмелі пәтерде өстім. Тамаққа ақша жетпеген кездер де болды. Бұл жағдай мені қатты ойландырды. Кейін ақшам болғанда адамдарға қолымнан келгенше көмектесемін деп өзіме уәде бергенмін. Алайда мен тұрмыстық жағдайымыздың төмен болғанына өкінбеймін. Ол менің бойымда жақсы қасиеттердің болуына әсер етті", – дейді Рустам Разиев Sunrise телеарнасына берген сұхбатында.
Рустамның сөзінше, адамдар оның қайырымдылық әрекетіне әртүрлі реакция танытады екен. Біреулер таңғалса, енді бірі көзіне жас алып, алғыс білдіретін көрінеді.
Ол өзі көмектескісі келген адамдарды қалай таңдайтынын да айта кетті.
"Мен өзім қол ұшын созғым келген адамымды іштей сеземін. Егер ол адамға төлеуім керек деп ойласам, барып картамды баса саламын", - дейді ол.
Қазақ жігіті өзінің басты мақсаты - адамдарға мұсылмандардың шын мәнінде кім екенін көрсету екенін айтады.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1975683-australiyada-bogde-adamdardyn-tauar-aqysyn-oz-kartasymen-toleu-arqyly-zeli-zuldyzy-atangan-qazaq-zigiti-kim/