"Ұстаздықты тастап, курьер болып жүр": Мүгедек ұлын көтеріп алып, жарысқа қатысқан әкенің суреті көпті елжіретті (видео)
Жарияланған күні:
"Бақытты шаңырақ" қоғамдық қоры ұйымдастырған мүгедектігі бар балалар мен олардың ата-аналары арасындағы эстафетада ерекше сурет ел назарын аударды. Эстафетаға қатысқан әкелердің бірі сал ауруына шалдыққан ұлын қолына көтеріп алып, жарыс алаңында жүгіре жөнелген. Кейін олардың Қызылорда қаласының тұрғындары екені анықталды, деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі.
Мүгедектігі бар баланы тәрбиелеп отырған жанұяның суреті әлеуметтік желіде кеңінен талқыналуда. Белгілі болғандай, 13 жасар ұлын көтеріп алып, эстафетаға қатысқан әкенің есімі - Талғат. Ол жұбайы Гүлдариямен бірге сал ауруына шалдыққан баласын тәрбиелеп келеді.
"Алла бір жағынан сынақ берсе, бір жағынан жеңілдігін береді. Мен бұл баланы қиындық деп қабылдамаймын. Қай жерде болса да қолыма аламын да, жүгіремін", - дейді Талғат.
Аталған жанұя туралы белгілі отбасылық психолог Ержан Мырзабаев та жазды.
"Жақында ерекше балалар және олардың ата-аналары арасында өткен эстафетадан бір көрініс фотосын көріп қалдым. Әкесі ДЦП-мен ауыратын 13 жасар баласын қолына алып онымен бірге жүгіріп бара жатыр. Шыны керек, фотодан қатты әсерлендім! Сондықтан, Назгүл ханым бұл отбасын тауып, үйлеріне барып қайтайық деп үндеу тастағанда қуана қабыл алдым. Осы аптада Қызылордалық Талғат пен Гүлдарияның үйіне барып қайттық. Мақсатымыз қолдау көрсетіп, жағдайларын білу еді.
Бірақ бұл кісілерге қолдау мен мотивация беру былай тұрсын, олардан алар дүниелер көп екендігін көрдік. "Әке - асқар тау" деп Талғат секілділер жайлы айтылған-ау, шамасы. ДЦП болып туған баласын тастап кетпеген, оның емі үшін бәрін тастап ауылдан Астанаға көшіп келген. Мұғалімдікті тастап, қазір курьер болып жүр. Алланың жазған сынағына еркекше мойынсұнған! Таң қалғаным - ешқандай шағым жоқ, ешкімге қол жаю жоқ!
Барлық ата-ана, оның ішінде әкелер осындайдан үлгі алса екен! Ауру түгіл, сау балаға көңіл бөлмей, әке болмай жүрген қаншама адам бар", - деп жазды ол.
Ал 13 жасар бала өзінің музыкант атансам деген арманы барын жасырмай айтты.
"Бұл суретті көріп ерекше толқыдым. Әкесі ерекше баласын көтеріп алып, жарыс жолында жүгіріп барады. Бұл сурет жеңістің символы болсыншы! Барлық еркек дәл осындай супер әке болсын!", - деп жазды "Бақытты шаңырақ" қоғамдық қорының жетекшісі Ботагөз Әділ.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1975794-ustazdyqty-tastap-kurer-bolyp-zur-mugedek-ulyn-koterip-alyp-zarysqa-qatysqan-akenin-sureti-kopti-elziretti-video/