Балалар жылына орай Алматы облысында жергілікті мектеп оқушыларына арнайы саяхат ұйымдастырылды
Жарияланған күні:
"Тірі сабақтар" жобасының аясында 5-11 сынып оқушыларына өңірдің басты көрікті жерлеріне экскурсиялар ұйымдастырылды. Жобаға Алматы облысының Еңбекшіқазақ, Талғар, Қарасай, Жамбыл аудандарының, сонымен бірге Талдықорған және Текелі қалаларының мектептері қатысқан.
Саяхатты Jetysu travel туристік ақпараттық орталығы ұйымдастырған. Орталық өкілдерінің сөзінше, экскурсиялар Қазақстан тарихы, биология, химия сынды мектеп пәндері бойынша білімді жетілдіре түсуге бағытталған.
"Биыл Қазақстанда балалар жылы деп жарияланды. Сол себепті саяхаттауға мүмкіндігі жоқ, аз қамтылған отбасынан шыққан балаларға арнап осындай экскурсиялар өткізу туралы шешім қабылданды. Біз осындай балаларды қолдап, оқушылардың қоршаған ортаны танып, табиғаттың түрлі құбылыстары, тарихи ескерткіштер туралы ақпаратпен білімін толықтыру арқылы оқу процесіне өз үлесімізді қосқымыз келді. Мойындау керек, мұндай факультативтер балаларға қатты ұнайды", - деді орталықтағылар.
Экскурсиялар Алматы облысының ең танымал көрікті жерлерін қамтыған. Олардың қатарында "Есік" тарихи-мәдени мұражай-қорығы, Green Eco жылыжай кешені, Алматы қорығының Табиғат музейі, "Алақай" Текелі кондитерлік фабрикасы, М.Тынышпаев атындағы Алматы облыстық тарихи-өлкетану музейі, "Таңбалы" қорық-мұражайы және Таңбалы археологиялық ландшафтының петроглифтері (ЮНЕСКО Дүниежүзілік мұра нысаны), "Батыр Бабалар" мемориалды кешені бар.
Сонымен бірге экскурсияларға оқушылар тегін қатысқан. Барлығы 200-ге жуық оқушы саяхаттады.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1975868-balalar-zylyna-orai-almaty-oblysynda-zergilikti-mektep-oqusylaryna-arnaiy-sayaxat-uiymdastyryldy/