Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Алматы әкімдігі танымал әншілердің концертіне 220 млн теңге бөлінетініне қатысты ақпаратқа пікір білдірді

Жарияланған күні:

Теңге
Көрнекі фото: NUR.KZ/Петр Карандашов

Қоғам белсендісі Ерлан Нұрпейісов өзінің Facebook парақшасында Алматы әкімдігінің осы жылға арналған бюджет жобасында танымал әнші-музыканттардың концертіне жүздеген миллион теңге бөлу көзделгені туралы жазды. Бұл ақпаратқа қатысты қала әкімдігі пікір білдірді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Нұрпейісов желідегі парақшасында Алматы қалалық Мәдениет басқармасының 2022 жылға арналған бюджет жобасынан үзінді жариялады.

Құжаттан үзіндіге сүйенсек, әкімдік әнші Роза Рымбаеваның концертін ұйымдастыруға - 111 миллион теңге, танымал скрипкашы Жәмилә Серкебаеваның концертіне - 69 миллион теңге, скрипкашы Марат Бисенғалиевтің концертіне 41 миллион теңге бөлуді жоспарлаған.

"Алматыда үш танымал әртістің концертін өткізуге көмек ретінде 220 миллион теңге көп емес пе? Әлде олар соншалықты танымал емес пе? Олардың ақылы концерттеріне ешкім келмей ме? Оларға әкімдік не үшін осылай көмектесуі керек? Бәлкім оларға жаңа әндер жазу үшін грант бөлу керек шығар, мысалы, әрқайсысына 10-15 миллион берілсе, олар хит әндерін жазып, онлайн таратып, өздерін қайта таныта алады.

Оның үстіне халықаралық концерттерде еліміздің намысын қорғайтын дарынды қала балалары мен жастары емес, неге дәл осы әртістерге қаржылай қолдау көрсетілуі керек деген сұрақ туындайды. Себебі, олар шын мәнісінде қаржылай қолдауға мұқтаж.

Қалалық мәдениет басқармасының негізгі міндеті - әлі қалыптасып үлгермеген мәдениет қауымдастығын қалыптастыру емес пе? Ал тәжірибелі, танымал әртістер, менің ойымша, өзін-өзі жақсы қамтамасыз ете алады, ол үшін тойларда, мерейтойларда 2-3 ән орындағаны үшін алатын ақшасына зер салса жеткілікті", – дейді қоғам белсендісі.

Алматы әкімдігі желідегі бұл жазбаға қатысты түсініктеме берді. Аталмыш жазбаға әкімдіктің Open Almaty қоғамдық қабылдау бөлімі пікір қалдырған. Әкімдіктегілер концерттерге қатысты есеп-қисап мәслихаттың жұмыс тобы мен сессияларында және қоғамдық кеңес отырыстарында қаралған "жұмыс материалы" екенін атап өтті.

"Талқылау барысында ұсыныстар мен ескертпелер бойынша өзгертулер енгізілді. Осылайша, Серкебаеваның концертіне бюджеттен қаржы бөлінбейді деп шешілді. Жеке концерттерге байланысты жарнамалық науқанға да бөлек қаржы бөлінбейді", - дейді Алматы әкімдігінен.

Басқарма желіде жарияланған смета - мәдениет басқармасына коммерциялық құрылымдар мен әртістердің өздері ұсынған есеп-қисап нұсқалары екенін атап өтті.

"Кез келген жағдайда бюджет шығысының барынша ашық болуын қамтамасыз ету үшін концерттерді ұйымдастыру бойынша қызметтерді сатып алу ашық конкурс арқылы жүзеге асырылады", - деп түсіндірді жағдайды қала әкімдігі.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1975982-almaty-akimdigi-tanymal-ansilerdin-koncertine-bolinetin-220-mln-tenge-turaly-aqparatqa-qatysty-pikir-bildirdi/