Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Анамды ешқашан тастамаймын": 23 жастағы жігіт ауыр халдегі анасының қасында болу үшін хосписке жұмысқа тұрды (видео)

Жарияланған күні:

Жас жігіт анасының қасында болу үшін хосписке жұмысқа тұрды
Әділбек Жауғашаров анасымен. Скриншот: htinstagram/amara.komek

23 жастағы Әділбек Жауғашаров ауыр дертке шалдыққан анасының қасында болу үшін хосписке жұмысқа тұрды. Биотехнолог болуды армандаған жас жігіт мектепті жақсы аяқтап, ресейлік жоғары оқу орнына да түскен. Алайда анасы үш рет инсульт алған соң бұл арманынан бас тартуға мәжбүр болды, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Әділбектің оқиғасын "Amara komek" қоры жариялады.

"Менің анам үш рет инсульт алды. Оны емдету үшін бәрін тастап, ақша іздей бастадым. Оқудан да шығып кеттім. Ауылда тұрғандықтан туыстардан көп көмек сұрай алмайсың. Үйдегі заттың бәрін сатып, анамның еміне жұмсадым. Үнемі оның қасында болуға тырысамын. Ол екі ай бойы комада жатқанда да палатадан шыққан жоқпын. Мені жансақтау бөлімінен шығару үшін полиция да шақырды. Бірақ мен кетпедім. "Ол енді сөйлемейді, тамақ іше алмайды. Неге уақыт жоғалтып отырсың? Үйіңе қайт", - деді дәрігерлер. Алайда мен анамның қасынан бір сәт те алыстаған жоқпын. Қолынан ұстап отырдым", - дейді Әділбек.

Қуанышқа қарай, Әділбектің анасының беті бері қарады. Бірақ жағдайы өте ауыр еді. Дәрігерлерден басқа көмек болмаған соң, ол анасын хосписке ауыстыру туралы шешім қабылдайды. Өзіне өмір сыйлаған адамды құтқару үшін аянбаған жас жігіт хосписке санитар болып жұмысқа тұрды.

"Оны хосписке әкелгенімде бір ай бойы тамақ жеген жоқ. Зонд арқылы тамақтандырып отырдым. Тек бір айдан соң аузы асқа тиді. Бұл бір жыл бұрынғы жағдай еді. Аллаға шүкір, оның қазіргі жағдайы тұрақты. Әрине әлі де жүре алмайды. Бастысы, ол мен сияқты ұлы барын біледі, оның қасында екенімді түсінеді. Мен демалыс алып, анамның жанынан алыстап кете алмаймын. Өйткені ол басқа адамның қолынан тамақ жемейді. Қасында екі-үш күн болмасам, тамақ ішпей қояды. Айғайлап мені іздейді. Осылай болғанына да шүкір. Ең бастысы – жүрегі соғып тұр, тамақ жейді, адамдарға қарайды, кейде күледі. Мұның өзі мен үшін жеткілікті. Қазір елімізде ауырып жатқан адамдар көп. Көпшілікке айтарым - жақындарыңызды тастамаңыздар. Мен өзіме өмір сыйлаған адаммен ең соңына дейін бірге боламын. Анамды ешқашан тастамаймын ", - дейді Әділбек Жауғашаров.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1976812-anamdy-esqasan-tastamaimyn-23-zastagy-zigit-auyr-xaldegi-anasynyn-qasynda-bolu-usin-xospiske-zumysqa-turdy-video/