Құрбан шалу мен айт намазы қалай және қайда өткізіледі
Жарияланған күні:
Құрбан айтқа қатысты көптің көкейіндегі сұрақтарға Нұр-Сұлтан қаласы Дін істері жөніндегі басқарма басшысы Нұрдаулет Әлмұханов жауап берді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.
— Қайырлы күн, Нұрдаулет Иманалиұлы. "Құрбан айт" мерекесі туралы қысқаша айтып өтсеңіз.
— "Құрбан айт" - барша мұсылман қауымына ортақ ұлық мейрам. Бұл мереке ізгілік пен жомарттықтың түп қазығы. Қоғамның рухани кемелденуіне өз ықпалын тигізеді. Құрбан айт мерекесі тарихының тамыры сонау Ибраһим (ғ.с.) пайғамбар заманынан бастау алады. Сол заманнан бері ұрпақтан-ұрпаққа мұра болып, ұлы дала төсіндегі ұлық мерекеге айналды. Бұл күні мұсылмандар әдемі киімдерін киіп, барлық ренішті ұмытып, бір-бірінің үйіне қонаққа барып, барынша сауап жинауға тырысады.
— Бұл мерекенің негізгі рәсімдерінің бірі "Құрбан шалу". Қазір елде эпиджағдай күрделеніп барады. "Құрбан шалу", "Айт намазы" сынды рәсімдер қалай өткізіледі?
— Дұрыс айтасыз, құрбан айтта орындалатын ізгі амалдардың бірі — Құрбан шалу. Елдегі эпиджағдайға байланысты қандай да бір өзгерістер орын алған жағдайда әкімдіктің ресми сайтында мәлімет жарияланады. Ал қазір елорда тұрғындары үшін арнайы құрбан шалу орындары дайындалып жатыр. Ол жерде барлық санитарлық нормалар сақталған. Қалаған малыңызды қасапшыға тапсырыс берсеңіз, сойып береді. Ал үй жағдайында құрбан шаламын деушілерді техникалық қауіпсіздікті сақтауға шақырамыз. Бәріміз білеміз, мал союға арналған пышақтың жүзі өте өткір болады. Сондықтан жарақат алып қалудан абай болыңыздар. Құрбан шалудың өзінің шарттары бар. Ол туралы мүфтияттың сайтынан оқуларыңызға болады.
Сондай-ақ пандемия басталған кезде Қазақстан мұсылмандар діни басқармасы қашықтан құрбан шалу жүйесін іске қосқан еді. Бұл жылы да арнайы сайт іске қосылды, сол себепті де тұрғындар өз ыңғайына сәйкес құрбан шала алады. Онлайн құрбандық шалу Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының QURBAN2022.kz сайты арқылы жүргізіледі. "Айт намазы" Нұр-Сұлтан қаласының он екі мешітінде таңғы сағат 07:00-де оқылады деп күтілуде.
— Нұр-Сұлтан қаласы тұрғындары үшін мал союға арналған орындарды толығырақ айтып өтсеңіз.
— Тұрғындарға ыңғайлы болуы үшін қаланың әр аудандарынан құрбан шалу орындары ашылады. Айта кететін болсам:
"Байқоңыр" ауданы бойынша:
- "Жайлау" базары, Алаш тас жолы, С 313 көшесі ("Шарын" базарының арты);
- "Шанхай" базары, Алаш шоссесі, 34/6 ("Көк базар" базардың арты);
- "Шопан ата" базары, ("Рубиком" және Әмір базарының ортасы);
- "Баракат" базары, А 369 көшесі, №10 ғимарат.
- "Шаушен" шаруа қожалығы, Алаш тас жолы, 136 Б;
- "Темеш" шаруа қожалығы, Айналма жол, 229, 1а.
"Сарыарқа" ауданы бойынша:
"Ұлжан" әмбебап базары, Н. Тілендиев көшесі, 24 (бұрынғы "Саянұр" базары).
Осы көрсетілген жерлерге келіп, құрбан шала аласыздар. Ескерте кететін тағы бір жайт, тұрғындардан мал сойылып жатқанда этикалық нормаларды сақтай отыра, бейнетаспаға түсірмеулерін, әлеуметтік желілерге құрбанға шалынған малдың фото-видеоларын салмауларын сұраймыз.
— Жоғарыда онлайн құрбан шалу жөнінде айтып кеттіңіз. Ол қалай жүргізіледі? Сойылған мал еті кімдерге таратылады?
— QURBAN2022.kz сайты арқылы өтінім беруге болады. Өзіңіздің өңіріңізді белгілеп, шалуға ниетті құрбандық малын таңдайсыз. Құнын төлегеннен кейін, есебі керек болса, өзіңіздің WatsApp нөміріңізді қалдырсаңыз, видео жіберіледі. Онлайн құрбан шалудың тағы бір ерекшелігі ет түгелдей мұқтаж жандарға үлестіріледі. Сол сайт арқылы тұрғындар құрбан етін алуға да өтініш бере алады. Егер Құрбан айтқа байланысты немесе кез келген діни сұрақтарыңыз болса iKomek 109 нөміріне хабарласа аласыздар.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1977176-qurban-salu-men-ait-namazy-qalai-zane-qaida-otkiziledi/