"Алтын Орда" базарындағы төбелестен кейін 23 жастағы жігіт қайтыс болды
Жарияланған күні:
"Алтын Орда" базарындағы төбелестен зардап шеккен 23 жастағы жігіт көз жұмды. Соңғы бірнеше күнде ол Алматыдағы ауруханалардың бірінде комада жатты. Құқық қорғау органдары істі аса ауыр бапқа өзгерту мәселесін қарастыруда, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі Алматы облысының полиция департаментіне сілтеме жасап.
Еске сала кетейік, бұған дейін желіде Алматының "Алтын Орда" базарында екі жігіттің арасында болған даудың видеосы тараған болатын.
Кадрдан жігіттердің бірі екіншісін жібермей, әлдебір затты қайтаруын сұрап жатқанын аңғаруға болады. Алайда күдікті қарсыласына екі рет жұдырық жұмсап, оқиға орнынан кетіп қалады.
Полицейлер қақтығыстың екі қатысушысының жеке басын анықтап, аталған факт бойынша қылмыстық іс қозғады. Жәбірленушінің Талғар ауданының 23 жастағы тұрғыны екені белгілі болды. Жас жігіт сол күні ауыр жарақат алып, жергілікті ауруханаға түскен.
"Науқас 14 маусым күні кешкісін ағасымен бірге ауруханаға келді. Ол "Алтын Орда" базарындағы төбелестен жарақат алғанын жеткізді. Толық тексеру жүргізіліп, басына КТ жасалды.
Науқасқа сол жақ бетінің сүйегінің сынуы, мұрын сүйектерінің сынуы және мұрынның қисаюы диагнозы қойылды. Мекемеге жақ-бет хирургтары, невропатологтар шақырылды. Ісінуге қарсы ем-шара жүргізілді. Науқас жақсарған соң 20 маусымда ауруханадан шығардық", - деді A Class Medical баспасөз қызметінің жетекшісі Гүлжан Қойшыбаева.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, 20 маусымда науқас Алматы көпсалалы клиникалық ауруханасына түсіп, бүгін, 8 шілдеде таңертең қайтыс болды.
Өңірдің полиция департаменті жәбірленушінің қайтыс болуын ескеріп, қылмыстық істі қарау бабын өзгерут туралы мәселе қарастырылып жатқанын атап өтті.
"Факт бойынша Қылмыстық кодекстің 191-бабы ("Тонау") бйоынша қылмыстық іс қозғалған. Тергеу материалдарында жәбірленуші ретінде Талғар ауданының 23 жастағы тұрғыны болған, ол осы уақытқа дейін ауруханада емделіп жатты.
Бүгін таңертең жәбірленушінің қайтыс болғаны анықталды. Осыған байланысты қосымша тергеу іс-әрекеттері ұйымдастырылды, оның нәтижесінде қылмыстық істі қайта саралау туралы мәселе қаралатын болады",-деп түсіндірді ведомствоның баспасөз қызметі.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1977634-altyn-orda-bazaryndagy-tobelesten-keiin-23-zastagy-zigit-qaitys-boldy/