28 жастағы түркістандық келіншек үшемді өмірге әкеліп, алты баланың анасы атанды (фото)
Жарияланған күні:
Түркістан қаласының 28 жастағы тұрғыны Раяна, Рәзия және Рәбия есімді үшемді дүниеге әкеліп, алты баланың анасы атанды, деп хабарлайды облыс әкімдігі Facebook парақшасында.
Перинаталды орталықтың бас дәрігері Гүлбану Жұмағалиқызының айтуынша, қазір үшемнің жағдайы бірқалыпты. Сондықтан бүгін олар анасымен бірге облыстық перинаталды орталықтан үйіне шығарылған.
"Алдағы уақытта да жағдайларын қадағалап, тұрақты түрде бақылап отыратын боламыз", — дейді Гүлбану Жұмағалиқызы.
Ал сәбилердің анасы Қымбат Сарыбайқызы сезімін сөзбен айтып жеткізе алмайтынын десе де, болашақта тағы балалы болуды қалайтынын айтады.
"Керемет сезім, ештеңе айта алмаймын, қатты қобалжып жүрмін. Бүкіл перзентханаға үлкен алғыс айтамын, дәрігерлері керемет! Құдайға шүкір, жолдасым мен енем жанымда болды. Болашақта тағы балаларым болады деп ойлаймын", - дейді ол.
Сонымен қатар көпбалалы отбасыға қала әкімінің орынбасары Ерлан Бақытжанұлы шаһар басшысының құттықтауын жеткізіп, арнайы сыйлықтар табыс етті.
Облыс әкімдігінің мәліметінше, жалпы жыл басынан бері Түркістан қаласында 3740 нәресте дүниеге келсе, оның 16-ы — егіздер.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1978327-28-zastagy-turkistandyq-kelinsek-usemdi-omirge-akelip-alty-balanyn-anasy-atandy-foto/