Асхат Аймағамбетов биіктен құлағалы тұрған баланы құтқарып қалған жас түлекке білім грантын табыстады (фото, видео)
Жарияланған күні:
Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов елордадағы көпқабатты үйдің терезесінен құлауға шақ қалған баланы аман алып қалған мектеп түлегімен кездесіп, оған білім грантын табыстады. Бұл туралы ведомство ресми сайтында хабарлады.
Министр Есдәулет Дәуітбековке көрсеткен қайсарлығы үшін алғыс айтып, оның бұл әрекеті барша жанға үлгі-өнеге екенін атап өтті.
"Сізге көрсеткен қайсарлығыңыз бен батылдығыңыз үшін алғыс айтқым келеді. Сіз оқушының мектеп қабырғасынан қалай түлеп ұшуы керек екенін дәлелдедіңіз. Осындай асыл, батыр азаматты тәрбиелеген ата-анаңыз бен ұстаздарыңызға алғыс айтамын. Президент бүгін мектептердегі буллинг фактілеріне алаңдайтынын айтқан еді.
Сіздің бүгінгі ерлігіңіз лайықты үлгі болады. Жоғары сынып оқушылары да сіз сияқты кішкентайларды қолдауға және қорғауға әрқашан дайын болады деп сенемін", - дейді ведомство басшысы.
Кездесу барысында Асхат Аймағамбетов Есдәулет Дәуітбековке алғыс хат пен естелік сыйлықтар табыс етті. Сондай-ақ министрдің өтініші бойынша түлекке Алматыдағы Нархоз университетінің білім гранты табысталды.
Сөз соңында Асхат Аймағамбетов ата-аналар балалардың үйдегі қауіпсіздік мәселесіне баса назар аудару қажеттігін атап өтті.
Айта кетейік, Есдәулет Дәуітбеков Нұр-Сұлтандағы "Шерқала" тұрғын үй кешенінің жетінші қабатынан құлағалы тұрған баланы құтқарып қалған болатын. Бұл сәттің видеосы желіде тарады.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1978502-asxat-aimagambetov-biikten-qulagaly-turgan-balany-qutqaryp-qalgan-zas-tulekke-bilim-grantyn-tabystady-foto-video/