Денсаулық сақтау министрі 23 жастағы жігітке өзінің көмекшісі болуды ұсынды
Жарияланған күні:
Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният Шымкентке барды. Қалаға сапары аясында ол мүмкіндігі шектеулі 23 жастағы жігітке көмекшісі болуды ұсынды. Ведомство басшысының бұл шешімі көпшілікті таңғалдырды.
Алмас Өткіров Денсаулық сақтау министрі өзінің көмекшісі болуға шақырады деп ойламағанын жеткізді, деп жазады Отырар.
Жас жігіт мүгедек адамдардың өмірін жақсартуға және олардың оңалту кезінде қолайлы жағдай жасауға ниетті екенін алға тартты.
"Біріншіден, мен "мүгедек" деген сөзбен жұмыс істегім келеді. Негізінде олай айту дұрыс емес. "Мүгедектігі бар адам" немесе "мүмкіндігі шектеулі адам" деп айту керек. Мүмкіндігі шектеулі кез келген адам кез келген жағдайда өзін жайлы сезінгісі келеді. Біз үшін жайлы орта мен қоғам жасағымыз келеді", - деді Алмас.
Шымкентке жұмыс сапары кезінде денсаулық сақтау министрі қала тұрғындарымен кездесу өткізді. Отырысқа келгендердің көпшілігі - мүмкіндігі шектеулі жандар.
Сондай-ақ Ажар Ғиният қалалық кардиоорталықта, емханада, перинаталдық орталықта медициналық қызмет көрсету сапасына мониторинг жүргізіп, дәрігерлермен тілдесті.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1980352-densaulyq-saqtau-ministri-23-zastagy-zigitke-ozinin-komeksisi-boludy-usyndy/