"Азық-түлікті үйден әкелуге тура келеді": СҚО-да балабақшаларға тамақ жетіспей жатыр
Жарияланған күні:
Солтүстік Қазақстан облысында балабақшаларға тамақ жетіспей жатыр. Баға өскен соң кәсіпкерлер азық-түлік жеткізуден бас тартқан, деп хабарлайды Хабар 24.
Телеарнаның хабарлауынша, Новомихайловка ауылындағы шағын орталыққа небәрі 5 бала келген. Аспаздар олардың өзіне не пісіріп берерін білмей дал. Осыған байланысты ата-аналар алаңдаушылық білдірген.
"Бізге балаларыңды таңертең өздерің тамақтандырып алып келіңдер деді. Ал түсте алып кетуіміз керек. Бәрімізде жұмыстамыз. Міне, осындай жағдайға тап болдық", - дейді Новомихайловка ауылының тұрғыны Ольга Комиссарова.
Телеарна мәліметінше, қазіргі таңда мектепке дейінгі білім беру мекемесінде азық-түлік таусыла бастаған. Кәсіпкер соңғы рет қажетті азық-түлікті мамыр айында жеткізіп берген.
Осы орайда шағын орталықтың шаруашылық меңгерушісі Инга Будкинаның айтуынша, ауылда тұрғандықтан қызметкерлер картоп, қызылша, сәбіз секілді көкөністерді өздері әкелуде.
"Ас мәзіріндегі азық-түлікті үйден әкелуге тура келді. Балалар аш емес", - дейді мекеме өкілі.
Ал шағын орталықты азық-түлікпен қаматасыз ететін кәсіпкер бүгінгі бағалармен жұмыс істеу мүмкін емес екенін алға тартты.
"Мысалы құстың еті 1770 теңгеден сатып алып жатырмыз. Қант пен майың да қымбат. Пайдадан шығыны көп. Сондықтан білім бөліміне келісімшартты бұзу жөнінде хат жібердік", - дейді ол.
Осы жағдайға Мамлют аудандық білім бөлімінің басшысы Мұрат Ташмағанбетов пікір білдіріп, мәселенің жақын арада шешілетініне сендірді.
"Қазір мектепке дейінгі білім беру ұйымдарына қатысты қаулыға тиісті өзгертулер енгізіліп, тамақтандыру ақысы көтеріледі. Содан кейін жеткізушілермен жаңа келісімшарт жасалады. Мәселе шешіледі", - дейді шенеунік.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1981561-azyq-tulikti-uiden-akeluge-tura-keledi-sqo-da-balabaqsalarga-tamaq-zetispei-zatyr/