Ақтөбе облысындағы ауылдардың бірінде жолға төселген күл тұрғындардың мазасын қашырды (видео)
Жарияланған күні:
Ақтөбе облысында мектептен шыққан күлді көшеге төгіп, жол салғызған ауыл әкімінің әрекеті елдің ашуына тиді. Жел тұрса айналаны қара күйеге былғаған көмірдің күлі ауыл тұрғындарының мазасын қашырды. KAZ.NUR.KZ тілшісі күлден жол салған ауыл әкімімен кездесіп қайтты.
Ақтөбе облысы Ойыл ауданы Көптоғай ауылдық окугінде көшеге асфальт салу жұмыстарыхалықтың көңілінен шыққан жоқ. Биыл Көптоғайда "Ауыл - ел бесігі" бағдарламасымен 90 миллион теңгеге 2 км 900 метр жолға, яғни төрт көшеге асфальт төселді. Жаңа асфальт "Достық" көшесінің аяғына дейін 200 метр жерге жетпей қалған. Ауыл әкімі бұл жерге мектептен шыққан күлді төгіп, тығырықтан шықпақ болған.
"Ауыл ішіне жол салады деп мәз болдық. Жетпей калған жеріне жанбай қалған көмір, күл төгіп кетті. Қыстай от жағып, күлден арылмайтынымыз аздай, енді балаларымыз күл үстінде ойнап, аяғымыз қап-қара күл-көмір болды. Жел болса бәрі ұшады", - дейді ауыл тұрғыны.
Тұрғын көмірдің үстімен жүретін балалардың киім-кешегін тазалау да оңай емес екенін айтады.
"Мектепке баратын балаларымыз бар, қымбатшылық уакытта баланы киіндіру де оңай емес. Күнде қара көмірге батып, қап-қара болып келген баланың киімдерін жуумен болатын болдық. осы қаншалықты дұрыс өзі?" - дейді ол.
Мектептен шыққан күл ауыл көшесінде 15-20 күндей жатты. Ауыл әкімі желіде халық наразылық білдіргеннен кейін жолға төселген күлді қайта жинатып жатыр.
"Идея –менікі. Көшенің бұл тұсы ойық. Көктем болса су жиналады. Жылда мектептен шыққан 10-15 камаз көмірдің күлін полигонға төгеміз. Оны көшенің жетпей қалған жеріне төсеп, пайдаға жаратқым келді. Осы жердің тұрғындарымен ақылдастым, қарсы болмады. Бірақ төгілген күл әлеуметтік желіге шығып, халықтың наразылығы туғаннан кейін, қайтадан жинатып, полигонға апардық. Шамамен он камаздай болатын күл", - дейді Көптоғай ауылдық округінің әкімі Ерлан Асылбаев.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1981904-aqtobe-oblysyndagy-auyldardyn-birinde-zolga-toselgen-kul-turgyndardyn-mazasyn-qasyrdy-video/