Алматыда ер адам бұрынғы әйеліне автобуста пышақпен шабуыл жасады
Жарияланған күні:
Алматыда ер адам бұрынғы әйелін аңдып жүріп, автобусқа мінген кезде жолаушылардың көзінше пышақ ала жүгірген. Бұл туралы қоғам белсендісі Дина Таңсәрі өзінің Facebook парақшасында жазды, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.
"Немолчиkz" қоғамдық қоры жетекшісінің сөзінше, оқиға 1 шілде күні сағат 22:30-да қалалық №38 автобуста Саин - Рысқұлов даңғылдары маңындағы ауданда болған.
Ер адам автобус ішінде бұрынғы әйеліне елдің көзінше пышақ ала жүгірген. Жазбада әйелдің 27 жаста, екі баланың анасы екені жазылған.
"Ол төрт күн бойы бұрынғы әйелін жұмысының маңайында аңдып жүрген, әйел бұған дейін артқы есіктен қашып шығып жүрген. Бірақ сол күні жігіт әйелді алдап, соңынан еріп, автобусқа бірге мінген. Ер адам әйеліне бірнеше рет зорлық-зомбылық көрсеткен, әйел бұған дейін осындай фактілер бойынша полицияға шағымданған. Ерлі-зайыптылардың ажырасқанына екі жыл болған. Бірақ ол оны аңдуды, оның жеке өмірін бақылауды жалғастыруда", - дейді Дина Таңсәрі.
Қоғам белсендісінің айтуынша, сол күні ол бұрынғы әйелін өлтіремін деп, оның жүрек тұсына, содан кейін бетіне пышақ сұғып алмақ болған. Алайда келіншекті автобустағы жолаушылар қорғап қалған, сондықтан жоспары іске аспаған.
"Ол қауіпті азамат, бұған дейін ол бұрынғы әйелін уламақ болған, қышқыл ерітіндісімен денесін жарақаттамақ та болған. Ал осы жағдайда әйелді автобустағы адамдар құтқарды, оларға көп рахмет! Бірақ бұл кез келген уақытта қайталануы мүмкін", - деп әйелдің өміріне алаңдаушылық білдірді Дина Таңсәрі.
Әйелдің өміріне қауіп төніп тұрғанын айтқан Таңсәрі Алматы қаласы полиция департаментінің бастығы Арыстанғани Заппаровқа қайта аталған жайт бойынша қылмыстық істі тіркеуді қайта қарауын сұрады.
Сондай-ақ қоғам белсендісі Алматы қалалық прокуратурасынан істің әділетті жүргізілуін қадағалауды өтінді.
Артынша болған жайтқа қатысты Таңсәрінің жазбасына Алматы қаласы полиция департаментінің баспасөз қызметі пікір білдірді.
"Алматы қалалық ПД бұл деректің сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне 293-бап, 3-бөлігі бойынша тіркелгенін хабарлайды. Сот-медициналық сараптама тағайындалды. Тергеу шаралары кешені жүргізілуде, оның қорытындысына сай, қылмыстық іс бойынша түпкілікті процесуалдық шешім қабылданады", - делінген ведомствоның хабарламасында.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1981947-almatyda-er-adam-buryngy-aieline-avtobusta-pysaqpen-sabuyl-zasady/