Ақтөбеде екі жыл бұрын пайдалануға берілген көпір теңселіп тұр (видео)
Жарияланған күні:
Ақтөбелік жүргізушілер Заречный ауданындағы жаңа көпір сапасына наразы. Олардың сөзінше, қолданысқа берген жылы-ақ ойылып, асфальты шашылып қалған жол қауіпсіздік ережесіне сай емес, деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі.
Ақтөбе қаласындағы Заречный ауданына салынған жаңа көпір 2020 жылы пайдалануға берілген. Жол құрылысына қаржы республикалық және жергілікті бюджеттен бөлінген. Үстімен ауыр жүк көліктері өтетін көпір республикалық маңызға ие. Бірақ жаңа көпірдің азабын көрген жүргізушілер оның сапасы сын көтермей тұрғанын айтып налиды.
"Жаңадан салынған көпірдің кедергісі көп. Ең бастысы – қауіпті. Көліктер ойықтан қашып, қарсы бағытқа шығып кетіп жатыр. Қатты келіп қалған көліктің астын жұлып алады. Қаншама шығын. Жүргізушілер үкіметке қаншама салық төлеп отыр. Жолдың сапасы қашан жақсарады?", - дейді ақтөбелік жүргізуші Сағадат Отарбай.
"Жолды айтатын сөз жоқ. Сапасы сын көтермейді. Осы жолдан қаншама көлік бұзылады. Масқара ғой. Құрылысы салыну барысында неге бақыланбады", - деді тағы бір жүргізуші Аманжол Қайратбаев.
Жаңа көпірдің жайын айтқан жргізушілер жолдың жыларман жағдайын жарыса жеткізді.
"Жолға бөлінген ақшаны жырып болып, қырып жеп жатыр ма? Неге салынған жолдың сапасы бақылауға алынбайды? Өте қауіпті. Жолды пайдалануға берген кезден бастап осы жағдай болды. Өте сапасыз. Адам өміріне қауіпті. Сапасыз көпір неге қолданысқа берілді?", - дейді қала тұрғыны Алтай Күздеуов.
Жаңа көпірдің сапасыз жасалғанын әкімдік өкілдері де жоққа шығармайды. Ведомство құрылысқа жауапты "КТП" ЖШС-і бас мердігер екенін айтты.
"Заречный көпірінің асфальт жамылғысы дұрыс салынбаған. Яғни бетонға желімделетін құрылыс материалы дұрыс болмай, жамылғы көтеріліп кетті. Қазір ой-шұңқыры көбейді. Негізі көпір 2019 жылдың аяғы мен 2020 жылдың басында берілді. Көпірдің жалпы құрылысына қанша қаржы жұмсалғанын айта алмаймын. Қосымша ақша бөлінбейді. Мердігер компания кемшіліктерді өздері дұрыстайды. Көп адамнан арыз-шағым түсті. Осы аптада шағын жөндеу жұмысы жүргізіледі. Ал қажетті материал алған соң дұрыстап жөнделеді. Көлік өтеді, бірақ шұңқыры көп. Жол қозғалысы қауіпсіздігіне жауап бере алмай отыр",- дейді облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Айбек Қайыр.
Ардақ Ерубаева, Ақтөбе облысы
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1981972-aqtobede-eki-zyl-buryn-paidalanuga-berilgen-kopir-tenselip-tur-video/