Алаяқтардың арбауына түскен ақмолалық әйел 5,2 миллион теңгеге несие рәсімдеген
Жарияланған күні:
Ақмола облысының тұрғыны телефон алаяқтарына алданып қалғанын айтып, полицияға жүгінді. Қаскүнемдерге сеніп, ол 5,2 млн теңгеге несие рәсімдеген, деп хабарлайды ІІМ ресми медиа-порталы Polisia.kz.
Алаяқтықтың кезекті фактісі 4 тамыз күні Ақмола облысы, Целиноград ауданында тіркелді.
Аудандық полиция бөліміне алаяқтық туралы өтінішпен елдімекендердің бірінің 36 жастағы тұрғыны жүгінген.
"Жәбірленушінің айғақтарынан көрінгендей, әйел интернет-алаяқтар қолданатын ең көп таралған схемаға тап болған" , - деп атап өтті полицейлер.
Полицияның мәліметінше, 1 тамызда белгісіз біреулер өтініш берушінің телефонына қоңырау шалып, өздерін екінші деңгейлі банктердің бірінің қауіпсіздік қызметінің қызметкерлері деп таныстырып, қазіргі уақытта оның атынан несие алуға өтініш түскенін хабарлаған.
"Үрейі ұшқан әйел алаяқтармен сөйлесіп тұрғанын түсінбеген, ал олар өз кезегінде оны ұялы телефонына қосымшаны жүктеу арқылы заңсыз әрекеттерді тоқтатуға болатындығына сендірген", – деді тәртіп сақшылары.
Желілік алаяқтардың нұсқауларын орындай отырып, ауыл тұрғыны қажетті қосымшаларды орнатып, кейін екі банкте жалпы сомасы 5,2 млн теңгеден астам несие рәсімдеген. Ақша бірден алаяқтардың шотына аударылған.
Тек 3 күннен кейін әйел алданып қалғанын түсініп, полицияға жүгінді.
Аталған факті бойынша полицейлер Қылмыстық кодекстің 190-бабы 3-бөлігі "Алаяқтық" бойынша сотқа дейінгі тергеуді бастап, жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізуге кірісті.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1982000-alayaqtardyn-arbauyna-tusken-aqmolalyq-aiel-52-million-tengege-nesie-rasimdegen/