Саран қаласының тұрғыны танктегі Z белгісі үшін жеті тәулікке қамауға алынды
Жарияланған күні:
Саран қаласының тұрғыны Ұлы Отан соғысы жауынгерлеріне арналған танк-ескерткішке Z белгісін салып, ұсақ бұзақылық жасағаны үшін жеті тәулікке әкімшілік қамауға алынды, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі Саран қалалық сотының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Саран қалалық полиция бөлімі Z белгісін танк-ескерткішке жазу фактісі бойынша әкімшілік құқық бұзушылық туралы материалды Саран қалалық сотына жіберді.
Сот тәртіп бұзушыны ӘҚБтК-нің 434-бабы ("Ұсақ бұзақылық, яғни тұрғын үй-жайларды бүлдіру және басқаларды сыйламаушылықты білдіретін, қоғамдық тәртіп пен жеке адамдардың тыныштығын бұзатын осыған ұқсас әрекеттер") бойынша кінәлі деп таныды.
Ол 29 шілде күні сағат 04:11 шамасында қоғамдық орында, атап айтқанда Ұлы Отан соғысы батырларына қойылған ескерткіштің жанында болып, танк-ескерткіштің мұнарасына Z деген жазу жазғаны анықталды.
"Сот 7 тәулік мерзімге әкімшілік қамауға алу түріндегі әкімшілік жаза қолдану туралы қаулы шығарды.
Сот қаулы шығару кезінде кінәлінің жеке басын, оның құқық бұзушылық жасағанға дейінгі және одан кейінгі мінез-құлқын, кінәсін мойындап және жасаған ісіне өкіну, жағдайды ауырлататын мән-жайлардың жоқтығын ескерді", – деп хабарлайды Саран қалалық сотының баспасөз қызметі.
Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін Саран қаласында полицейлер ескерткіштің алдына Z белгісін жазып кеткен белгісіз тұлғаларды іздеп жатқаны хабарланған болатын.
Бұл танк Ұлы Отан соғысында қаза тапқан батырларға арналған ескерткішітң жанындағы 1А шағын ауданындағы алаңға орнатылған. Кейін тәртіп сақшылары өз ісін мойындаған жергілікті тұрғынды ұстады. Оған қатысты әкімшілік хаттама толтырылды.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1982593-saran-qalasynyn-turgyny-tanktegi-z-belgisi-usin-zeti-taulikke-qamauga-alyndy/