Алматы облысында өрт шыққан кафеден газ баллондарын алып шыққан әскери қызметші жарылыстың алдын алған
Жарияланған күні:
13 тамызда Алматы облысы Қаракемер ауылынан бірнеше шақырым жерде Ұлттық ұлан әскери қызметшісі өртке оранған кафеден газ баллондарын алып шығып, жарылыстың алдын алған. Офицердің ерлігі туралы жуырда ғана кафе иелерінің әскери бөлімге келген алғыс хатынан белгілі болды, деп хабарлайды Polisia.kz.
Ведомстволық басылымның хабарлауынша, сол күні сағат 14:00-де Ұлттық ұланға қарасты 6654 әскери бөлімінің әскери қызметшісі Бақыт Ташкенбаев отбасымен Есік қаласына қарай жол жүріп бара жатқан.
Әскери қызметші жол бойындағы кафеден шыққан қалың түтінді байқап, бірден оқиға орнына жақын жерде тоқтап, көмек сұраған дауыс шыққан жаққа жүгірген.
"Сол кезде мейрамханада өрттің алдын алуға тырысқан әйелдер ғана болды. Ең алдымен мен от шыққан ас үйге жүгірдім. Түтін арасынан екі газ баллонды көрдім, оны ажыратып, көшеге шығардым. Осыдан кейін әйелдер өрт екінші қабатқа өтеді деп айқайлады. Салтанат залына жүгіріп барып, екінші қабаттан жиһаздарды шығарып, ғимараттың төбесіне оттың өтуіне жол бермеу үшін перделерді жұлып ала бастадым", – дейді Бақыт Жүнісұлы.
Ұлттық ұлан әскери қызметшісі өрт сөндіру машинасы келгенге дейін өртті өз бетінше сөндіріп, эвакуациялық өткелдерді бөгде заттардан босатқан және азаматтарды қауіпсіз жерге шығарған.
Медиа-порталдың мәліметінше, өрт сөндіру командасы келгеннен кейін де ол батылдық пен кәсібилік тынатып, көмек көрсетуді жалғастырған.
Кейін оқиға орнынан кетіп қалған.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1983739-almaty-oblysynda-ort-syqqan-kafeden-gaz-ballondaryn-alyp-syqqan-askeri-qyzmetsi-zarylystyn-aldyn-algan/