Қазақстан шекарасында көлік өткізу уақыты 2 сағаттан 25 минутқа қысқаруы мүмкін
Жарияланған күні:
Премьер-министр Әлихан Смайылов Қазақстанның кедендік инфрақұрылымын жаңғырту мәселелері жөнінде кеңес өткізді, деп хабарлайды үкімет басшысының ресми сайты.
ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитетінің төрағасы Данияр Жаналинов қазіргі уақытта ЕАЭО сыртқы шекарасындағы тоғыз күре жол мен бір теміржол өткізу бекетін және Нұр-Сұлтан қаласындағы ҚМ МКК бас диспетчерлік басқармасын жаңғырту және техникалық жарақтандыру жүргізіліп жатқанын хабарлады.
Реконструкциялау екі кезеңмен жүзеге асырылмақ, яғни 2022-2023 жылдары – "Достық авто", "Достық т/ж", "Майқапшағай", "Бақты", "Қалжат", "Тәжен", "Қапланбек", "Темір Баба", ал 2023-2024 жылдары – "Атамекен»", "Қазығұрт" және БДБ өткізу бекеттері жаңғыртылатын болады.
Нәтижесінде олардың өткізу қабілеті 8 есеге дейін ұлғайып, өту уақыты 2 сағаттан 25 минутқа дейін қысқарады. Сонымен қатар бизнес-процестерді автоматтандыру, кедендік бақылауды орталықтандыру және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін барынша азайту жөніндегі шараларды қолға алу жоспарланған.
Бүгінгі күні жобалық-сметалық құжаттардың бәрі әзірленді. Құрылыстың бастапқы кезеңінде барлық нысандар бойынша сапалы және уақытылы орындалуын бақылау үшін жұмыс кестелерін бекіту көзделген.
Кеңес қорытындысы бойынша Әлихан Смайылов Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігіне жаңғыртылатын бекеттерде байланыс арналарының өткізу қабілетін арттыру мәселесін пысықтауды тапсырды.
"Осы бекеттер арқылы тауар айналымының ұлғаюына байланысты бюджетке қосымша түсімдер түседі. Бұл ретте жобаны іске асыруды тездету қажеттігіне назар аударғым келеді" — деді премьер-министр.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1983841-qazaqstan-sekarasynda-kolik-otkizu-uaqyty-2-sagattan-25-minutqa-qysqaruy-mumkin/