Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Жолда өлім көбейіп кетті": Ақтөбеліктер мешітте құран оқытып, құрбан шалды (фото)

Жарияланған күні:

құрбандық
Фото: KAZ.NUR.KZ

Ақтөбе облысында жеті айда жол-көлік оқиғасынан 47 адам қайтыс болып, 400 адам жарақат алған. Жыл басталғалы қара жолда тіркелген көлік апатының саны 300-ге жуықтайды. Жантүршігерлік апаттан сақтануды тілеген ақтөбеліктер ауыл болып ас беріп, құран оқытып жатыр, деп жазады өңірдегі KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Ақтөбе облысында кеше ғана Кеңқияқ ауылына барар тұста жантүршігерлік жол апаты болып, 5 адам мерт болды. Арасында жасқа толмаған сегіз айлық сәби бар.

Қайғылы оқиға 21 тамыз күні тал түсте тіркелді. 40 жастағы әйел адам басқарған Lada Largus автокөлігінде тек қыз-келіншектер мен балалар болған. Сүндет тойға бара жатқан көлік орта жолда аударылып, қара жол қанға боялды. Көліктегі 11 адамның барлығы да бір-біріне жақын туыстар.

аударылған көлік
Фото: Ақтөбе облысы ПД

Бүгін Кеңқияқтағы Саркөл мешітінде марқұмдардың ауылдастары ел амандығын тілеу мақсатында құрбандық шалып, ас беріп жатыр. Шараға ауыл белсенділері демеуші болған.

құрбандық
Фото: KAZ.NUR.KZ

"Жолда өлім көбейіп кетті. Өткен аптада бірнеше адам жол апатынан қайтты. Кеше тағы бес адам жол апатынан көз жұмды. Оның алдында да жол оқиғасына қатысты өлім аз болмады. Үсті-үстіне болған жағдай халыққа ауыр тиді. Ел амандығын тілеп, бүгін мешіт алдында садақа беріп жатырмыз. Ауыл белсенділері, халық жиналып, таңертең ірі-қара мал сойылды. Қазіргі уақытта киіз үй тігілді. Мақсат-елге амандық тілеу. Амандыққа тілекші болған халық мешітке қарай ағылып жатыр", - дейді ауыл мешітінің имамы Рүстем Нұрғазин.

құрбандық
Фото: KAZ.NUR.KZ

Қазіргі уақытта кешегі жол апатынан жарақат алған екі адам ауыл ауруханасында жатыр. Тағы екі кішкентай бала бүгін облыс орталығына жеткізілуге тиіс. Жарақат алған тағы екі жолаушы амбулаториялық ем алу үшін үйіне жіберілген.

Ақтөбеде осындай қайғылы оқиға өткен аптада да тіркелген еді. Мектепте оқитын екі баласын киіндіріп қайтқан бір отбасы жол апатына түскен болатын.

Ақтөбе-Болгарка-Шұбарқұдық тас жолында Toyota Camry көлігі қарсы бағытқа шығып кеткен ГАЗель автокөлігімен түйісті. Жол апатынан 10 жасар бала мен рөлдегі әкесі қайтты. Көлікте болған бастауыш сыныпта оқитын қыз бала ауруханада жатыр.

"Қате. Қиын жағдай болды. Балаларын мектепке дайындап, қаладан киіндіріп әкеле жатқанда күйеу балам жол апатына ұшырады. Машинада отбасымен болған. Ұлы мен өзі қайтыс болды. 4 сыныпта оқитын қыздары ауруханада есін жинай алмай жатыр. Балалардың аналары да қаладағы аурухананың травматология бөліміне жатқызылды",- дейді марқұмның қайын атасы Қалдыбек есімді азамат.

Ақтөбе облысының полиция департаменті жолдардағы қауіпсіздік деңгейін мейлінше арттыруға, сақ болуға шақырады.

"Жүргізушілер мен жол қозғалысының басқа да қатысушыларына жолда қырағы және мұқият болуға, сондай-ақ жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға кеңес береміз. Жылдамдық режимін және маневр жасау ережелерін ескермеу кейде өте ауыр зардаптарға әкеліп соғады", - деп хабарлайды облыстық ПД баспасөз қызметі.

Ардақ Ерубаева, Ақтөбе

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1984268-zolda-olim-kobeiip-ketti-aqtobelikter-mesitte-quran-oqytyp-qurban-saldy-foto/